Өткен жылы пойызда 10 бала дүниеге келген

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері тағы бір нәрестенің жарық дүниеге келуіне көмектесіп, бұл жауапты жұмысты абыроймен атқарып шықты. Бұл биылдыққа теміржол көлігінде кіндігі кесілген төртінші сәби екен. Өткен жылы пойызда... 10 бала дүниеге келген болатын. Биыл бұл біраз көрсеткішке кемігені қуантады.

Өйткені, жол үстінде жүкті әйелді босандыру – өте қауіпті де жауапты іс. Әрине, жолсеріктер алғашқы медициналық көмек көрсетуден хабары болғанымен, кәсіби дәрігерлер емес қой. Сондықтан пойызға отырарда аяғы ауыр келіншектерден айы-күні жақын ба, жоқ па, сұрауы жолсеріктердің міндеті болып табылады. Кейбірі бұл сұраққа шамданып қалады екен. Бұл жолы да №351-ші «Өскемен – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына мінгелі жатқан Виктория Марочкина есімді келіншіктен босану уақытын сұраған жолсеріктерге келіншек жүктіліктің сегізінші айында екенін, сондықтан уайымдайтын ештеңе жоқ депті.

Десе де, жолсеріктер жанында жұбайы мен екі қызы бар жүкті келіншекке әрі-бері өткенде назар салып жүріпті. Айтқандай-ақ, Жаңғызтөбеден өте бере келіншектің толғағы басталады. Жолсеріктер пойыз бастығына шығып, мән-жайды баяндайды. «Мен дереу Жарма және Аягөз станцияларына хабар беріп, жедел жәрдем сұрадым. Аягөзге дейін шыдар деп ойлағанбыз. Бірақ, келіншектің толғағы жиілей түскесін қорқып, 8 вагонда келе жатқан акушер-гинекологты тауып алдық. Ол кісі керек-жарақтарын түгендеп, спиртпен қажетті құралдарды залалсыздандыруға кірісті. Жарма станциясына жедел жәрдем Георгиевка деген жерден келе жатты. Далада ұйытқыған боран. Біздің пойызға вокзал жанындағы медпункттің фельдшері келді. Сөйтіп акушергинеколог пен фельдшер қыз Виктория Марочкинаны аман-есен вагонда босандырып алды. Дүниеге бойы 46 см, салмағы 2,7 келі ұл бала келді. Біз жылы су, бинт, жаялық, төсек жамылғысы сияқты қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Ана мен баланы жедел жәрдем Жармадағы перинаталдық орталыққа алып кетті. Сәбидің әкесінің қуанышында шек жоқ. Ол да екі қызымен Жарма станциясынан түсіп қалды. Біз билеттерін қайтарып бердік. Ерлі-зайыптылар қоштасарда ұлдарының жарық дүниеге келуіне атсалысқан барша азаматтарға шексіз алғыстарын білдірді», – деді осы жағдайға куә болған пойыз бастығы Айдар Сәбденов.