Азат елде тұған ұл

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Ел Тәуелсіздігі жарияланған жылдары өмірге келген Мұратхан Алмасбаев – Қызылорда станциясында еңбек ететін жас теміржолшылардың бірі. Өзінің азат елде туғанын мақтан тұтатын жас жігіт үшін отанға қызмет еткеннен артық бақыт та, абырой да жоқ.

Алдымен колледжде, сосын ҚазККА сынды теміржолшылар даярлайтын жоғары оқу орнынан теориялық білім алған түлек темір жол саласындағы еңбек жолын Қызылорда станциясында тауар кассирлігінен бастапты. Мұнда оның төселіп жұмыс жасап кетуіне көмек қолын ұсынған ұстаздары қатарында Бисен, Роза апайлары мен Нұртуған Өтеғұлов болыпты. – Менің салалық жұмысты меңгеріп, оның қыры мен сырын үйренуіме көп көмегін тигізген ұстаздарым осы кісілер болды.

Отбасымда бұл салада жұмыс бастаған әзірге тек өзім болғандықтан алғашқыда әжептеуір қиындық болды. Міне, сол кездері аға буын апа-ағаларымның мені ұядан енді ұшқан сарыүрпек балапандай баулып үйреткені мен үшін үлкен мектеп болды. Соның арқасында қазір көп нәрсенің байыбына барып, пойыз құрастыру, вагон ағыту, жалғау деген кәсіби міндетті мінсіз атқаруға машықтандым, – деп сыр шертті вагон құрастырушы Мұратхан. «Тәуелсіздік құрдасы болған қандай?» деген сауалымызға ойланып қалды. «Әрине, еліміз тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келгенімізге қуанамын, мақтанышым да жоқ емес. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, өйткені ел мен жердің иесі біз» деп үлкендерше салмақты жауап бергені ұнады. Шиелі станциясында өмірге келген Мұратханның бала күнгі арманы теміржолшы болу болыпты. 2008 жылы мектепті тәмамдаған соң Қызылорда агроколледжінің теміржолшылар даярлайтын бөліміне оқуға түсіп, теориялық білім алып, маман атанғанда бала күнгі арманы орындалғандай қуанған. Ал станцияның тауар кассасына жұмысқа орналасқанда өзін нағыз теміржолшыдай сезінген. Бірақ, алғашқы жылдары қиындықты да бір кісідей көрді. Егер білмегенін үйретіп, теориялық білімін практикада шыңдауға баулыған ұстаздары болмағанда кім білер еді қалай боларын деп ойлайды. Қазір Мұратхан Алмасбаев – станциядағы өзі құралпылас жастар арасында тәжірибелі, болашағынан зор үміт күттіретін теміржолшылардың бірі.

– Мұратханның жұмысқа деген жауапкершілігі басым. Ол алғаш жұмысқа келген күннен бастап өзінің зеректігімен ерекшеленді. Тауар кассасындағы қымқуыт қағаздарды толтыру кезінде, тех конторда жұмыс жасаған да тыңғылықты әрекетімен танылды. Өзімен қатар жүрген жастар арасында беделді, кәсіби білімін шыңдауға құмар. Аса қауіпті аймақтың жұмысын аса сақтықпен атқаратын жас болса да шебер теміржолшы болады деп үміттенеміз, – дейді Мұратханның күнделікті атқаратын жұмыстары жайлы тәлімгерлерінің бірі және әріптесі Нұртуған Өтеғұлов.

Колледжде алған білімін толықтыру мақсатында сырттай ҚазАТК-ны бітіріп, жоғары білім алды. Күнделікті жұмыс барысында жүк вагондарын ажыратыпқосу секілді жұмыстарды ұршықша иіретін болған. Бірақ жауапкершілік жүгін бір сәт те естен шығарған емес. Өйткені, өзінің бір қателігі бүкіл ұжымға, онан қалды бүкіл бөлімшеге кері әсері боларын жақсы түсінеді, сондықтан өзіне аманатталған қоғамдық мүлікке үлкен жауапкершілікті сезініп, кәсіби міндет теміржолшыға жүктелген парыздың үдесінен шығуға жан аямай қызмет жасауды мақсат етеді. Міне, сонда ғана теміржолшы деген кәсібіне кір келтірмей, еңбегі абыройға бөлейтініне бек сенімді.