Назарда - бүйірлік рама

Бүйірлік рамалардың сынуы – пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін бұзатын кең таралған ең қауіпті ақаудың бірі болып отыр. Оның салдары вагондардың жолдан шығып кетуіне, темір жолдар инфрақұрылымының, басқа да нысандардың зақымдалуына алып келеді. Осындай жайттардың алдын алуға бағытталған республикалық «Бүйірлік раманы қадағалау» айлығы қалай өтті?

Қарашаның 4-і мен 4 желтоқсан аралығында өткен айлық аясында Маңғыстау вагон пайдалану депосында арнайы шара жасақталып, барлық вагон қарау және жөндеу кәсіпорындарында жиындар өткізіліп, хабарландырулар ілінді. Айлық аясында ВЧД-33 вагон қараушылары жүк вагондарының бүйірлік рамаларындағы бірқатар ақаулықтарды анықтады. Атап айтсақ, Бейнеу станциясының вагон қараушысы Е.Турамбаев №2204, 3002 пойыздарына техникалық қызмет көрсету барысында КВЗИ2, ЦМВ рамаларынан ұзындығы 350 мм, бүйірінен 185 мм ақау тапса, М.Жариев №2004 №76725274 вагонының бүйірлік рамасынан жарықшақ тапты. Сондай-ақ, Маңғыстау станциясындағы вагондарды қарап-жөндеуші К.Әбиев №3001 пойызына техникалық қызмет көрсету кезінде вагонның КВЗ-И2 рамасынан ұзындығы 220 мм ақау, ал Р.Чигантаев №2102 пойызы вагонының №12499-14/1998 бүйірлік рамасындағы жарықты дер кезінде анықтап, болуы мүмкін теміржол апатының алдын алды. 

 Ақау анықталған вагондар дереу жөндеуге ағытылып, ВУ-41 формалы наразылық акттері толтырылды. Арнайы өкілдеріне шақырту жөнінде нұсқау жеделхаттар жіберіліп, жөндеуден өткізілді. − Соңғы уақыттары пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін аса қауіпті ақаулар – бүйірлік рамалардың сынуы жиілеп кетті. Бүйірлік рамалардың сынуына бірден-бір себеп – вагон жасау және құрастыру кәсіпорындары шығарған құйылым бөлшектері өнімдерінің сапасыздығы. Бұған қоса айтатынымыз, соңғы кездері жүк вагондары арбашықтарындағы бүйірлік рамаларында ақау көп кездеседі. Сондықтан бұл байқаудың маңызы өте зор. Біз мұның алдында да «Вагон паркінің сақталуы және қосалқы бөлшектерінің ұрлануының алдын алу» айлығын өткізген едік. Жалпы, екі айлық та өз талаптарына сай, ойдағыдай жүргізілді, – дейді Маңғыстау вагон пайдалану депосының бастығы Сәрсенбай Есенқұлов. Депо басшысының сөзінше, «Вагон паркінің сақталуы және қосалқы бөлшектерінің ұрлануының алдын алу» іс-шарасы алдын ала дайындалған жоспарға сай біраз маңызды жұмыстардың басын біріктірген. Депо шеңберінде жұмысшылармен вагондар паркін сақтау, жүк вагондарын кірме жолдардан сапалы қабылдап-тапсыру, Маңғыстау станциясы вагондарды тарату дөңесінен соқтығысу жылдамдықтарын үнемі қадағалау бойынша нұсқаулықтар жүргізілген. Маңғыстау, Бейнеу, Сай-Өтес, Шетпе, Өзен, Болашақ станцияларында, барлығы 18 рет кенеттен тыс түнгі тексеріс өткен.