Апаттық жағдай орын алса

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«ҚТЖ» ҰК» АҚ қарасты өртке қарсы қызмет басшылары мен қалпына келтіру және өрт сөндіру пойызының бастықтары Ақтөбеге жиналып, республикалық семинарға қатысты. Қауіпті жүктерді теміржолмен тасымалдағанда жылжымалы құрам жолдан шығып кетсе не істеу керек? Апаттық жағдай орын алғанда оны жою және қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру семинар кеңестің негізгі тақырыбы болды.

Ақтөбе ЖТ бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев семинар-кеңесті ашып, Қазақстанның заманауи экономикасының қалыптасуында теміржол көлігінің маңызы зор екеніне тоқталды. «Республикамыздың орасан зор аймағын, көптеген өндіріс салаларындағы жүк көлемінің ауқымын ескерсек, көліктің бұл түрін мемлекетіміздің негізгі тұғыры әрі еліміздің өндірістік күшін біріктіруші тетік деуге толық негіз бар. Бізге жүктелген міндет – тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сондықтан бұл оқу-жаттығудың маңызы зор», – деді бөлімше басшысы. Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Серғали Жайлаубай да теміржолшылардың кәсіби деңгейі шыңдалуына тілек білдірді. Семинар-кеңестің мақсаты – теміржол мекемелері мен жылжымалы құрамдағы өрт-техникалық қауіпсіздігін тексеру, профилактикалық жұмыстар жүргізу және алдыңғы қатарлы әдістерін игеру. Сонымен қатар, апат болған орынды анықтап барлау, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, бөгде адамдардан оқшаулау және ауаның ластануына жол бермеу. Семинарда апатты дер кезінде жойып, тез арада теміржолды қалпына келтіру бағытындағы теориялық білім беріліп, оқу-жаттығу кезінде тәжірибе шыңдалды. «ҚТЖ» АҚ магистральдық желі дерекциясы мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет және қалпына келтіру пойыздар департаментінің директоры Бақытжан Ділімбетов семинарды жүргізіп отырды. Ақпараттық және теориялық тәжірибе алмасудан кейін іскерлік ойындар ойнатылды. Мамандар әзірлеген іскерлік ойындар өзгеше форматта, креативтілігімен көпшілікті тартып, өте жоғары деңгейде өтті. Ол біліктілікті шыңдап қоймай, өзара қарым-қатынасты нығайтты десек болады. Оған қатысқан бес топ белгілі уақыт ішінде жарысқа түсіп, шапшаңдық пен жылдамдық, тапқырлықтың тиімді әдісжолдарын көрсетті. Теміржолшылардың семинар кеңесі теориялық біліммен шектеліп қалған жоқ. Құршасай ауылындағы тәжірибелік алаңға барды. Сонымен қатар, Жіңішке станциясында жалпы тактикалық жаттығу өткізді. Тактикалық жаттығуды сценарий бойынша Ақтөбе мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің бастығы Әділ Құбаев жүргізді. Сценарий бойынша Жіңішке станциясына қауіпті жүк тиелген екі цистерна жолдан шығып кетіп, бірі құлайды. Цистернадағы сұйықтық жерге төгілгендіктен теміржол аймағы бүлініп, қауіп күшейеді. Екінші цистернада сызат бар және екі теміржолшы жарақат алды. Сценарий бойынша улы газ ауаға тарайды, адамдар зардап шегеді. Оның алдын алу үшін штаб жұмысы ұйымдасқан түрде шұғыл әрекет жасау керек. Станция кезекшісі жан-жаққа шұғыл хабар беруге тиіс. Қалпына келтіру жұмыстары тез, артық шығынсыз, әрі тиімді жасау жолдары жаттығуда жан-жақты көрсетілді. Тактикалық жаттығуға, яғни апатты ауыздықтауға Ақтөбе өрт сөндіру пойызының жеке құрамынан 12 адам қатысса, Ақтөбе қалпына келтіру пойызы құлаған цистерналарды көтерді. Сондай-ақ, тактикалық жаттығуды 13 өртке қарсы қызмет бастығы, 37 қалпына келтіру, 20 өрт сөндіру пойызының бастықтары қадағалап, оқу-жаттығу жоғары деңгейде орындалды деп баға берді.