Бәрі де жеңімпаз

Тәуелсіздік күні құрметіне жамбылдық теміржолшылар шағын футболдан спорттық сайыс өткізді. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы бастамашы болған бәсекеге аймақтан алты команда қатысты. Жасыл алаңдағы тартыстың ашылу салтанатында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев сөз сөйлеп, алдымен баршаны ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Қазақтың керегесін кеңейткен, шаңырағын көтерген тәуелсіздік ұғымының қадірі мен қасиетін қазіргі буын, келешек ұрпақ сезінуі тиіс. Тұңғыш Президентіміз айтып өткендей, біз дербестігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біздің күнделікті еңбегіміз де, табысымыз да, әр сәттік қуанышымыз бен шаттығымыз да сол тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болып жатқанын білгеніміз абзал. Тіпті, осы алаңда алаңсыз ойнауымыздың өзін егемендік сыйлаған нәсіп деп ұғайық», – деді ол өз сөзінде.

Шағын футболға Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты мекемелерден қатысқан алты команда жүлделі орындар үшін барын салды. Жасыл алаңда жай оғындай жарқылдаған жігіттер бір-біріне есе жібермей ұзақ сайысты. Әйтсе де, Шу станциясынан жасақталған жігіттер өзгелерден оқ бойы озық шығып жүлделі бірінші орынды иемденді. Жамбыл локомотив депосының командасы да осал соқпай, екінші орынды жеңіп алды. Ал үшінші орын Қаратау станциясының командасына бұйырды. Ал Шу локомотив депосының, Жамбыл жол бөлімшесі әкімшілігінің, Жамбыл вагон жөндеу депосының командалары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сый-сияпаттар мен арнайы дипломдар тапсырылды. Жүлдесіз ешкім қалмады, бәрі де жеңімпаз деп танылды.