Ұстанымымыз – ұжымдық шарт

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Теміржолшылардың қоғамдық өмірінде салалық кәсіподақ қызметінің алар орны зор. Әсіресе, еңбек қатынастарын реттеуде, әлеуметтік мәселелерді шешуде ұжымдық келісімшартты негізге ала отырып жұмыс жүргізетін кәсіподақ өкілдерінің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда «Қазақстан Республикасының теміржолшылар кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Семей өңірі бойынша төрағасы, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша іргелі шаралардың ұйытқысы болып жүрген қоғам белсендісі Алик Досановпен сұхбаттасқан едік.

– Алик Тұрсынұлы, кәсіподақ қызметіне келгеніңізге биыл 20 жыл толады екен. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Мен бұл қызметке кездейсоқ келген жоқпын. Ең алғашқы еңбек жолым Семейдегі вагон шаруашылығы саласынан басталды, жылжымалы құрамды жөндейтін слесарьдан бастап, нұсқаушы, вагон қараушы, аға шебер болып еңбек еттім. Жалпы теміржол саласында 35 жыл еңбек өтілім бар. Ал, кәсіподақ қызметіне 1999 жылы күзде теміржолшылардың өтініші бойынша тағайындалдым. Алматы теміржол техникумы мен Алматыдағы теміржол институтын вагон шаруашылығы бойынша бітірдім. Кейіннен осы кәсіподақ қызметіне араласқан соң 2007 жылы Мәскеу қаласында еңбек қатынастары академиясын тәмамдадым.

– Өңірлік кәсіподақ қызметінің төрағасы қызметіңіздегі төрт жылыңызға шолу жасап өтсеңіз.

– Семей теміржолының 100 жылдық мерейтойына даярлық пен оны өткізу, ЭКСПО-17 халықаралық көрмесіне орай желі бойындағы шағын станцияларды абаттандыру шараларына біз кәсіподақ тарапынан өте көп үлес қостық дей аламын. Дегенмен біздің қызметімізде теміржолшылардың әлеуметтік мәселелері мен мәдени-қоғамдық өмірі басты назарға алынады. Бұл ретте ағымдағы жылы ауқымды жұмыстар атқарылды деп ойлаймын. Атап айтсақ, өткен ақпан айында теміржолшылар арасындағы Ауған соғысы ардагерлерінің басын қосып, арнайы ұйым құрдық. «Ауған күнделігі» атты тақырыппен арнайы акция ұйымдастырылды. 

Мақсат – жас буын сала қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу. Осы шара аясында «Түрксіб-Семей» мұражайынан арнайы мүйіс ашылып, онда семейлік ауған соғысына қатысушы теміржолшылардың өмірбаяндары мен естеліктері, фотосуреттері қойылды. Кейінгі буын арамыздағы ержүрек жандарды ұмытпауы тиіс. Бұл бөлімше көлемінде өткізілген көптеген қоғамдық-мәдени шаралардан тек бір мысал ғана.

– Әлеуметтік мәселелер бойынша бөлімше көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын білеміз...

– Иә, бұл ретте бөлімше басшысы Марлен Кәрімұлымен кеңесе отырып, бірқатар қайырымдылық шаралар ұйымдастырылды.

Оның ішінде 370-тен аса бала қамтылған «Мектепке жол» акциясы мен Арыс балаларына көмек шараларын атап айтуға болады. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылар балалары мен көпбалалы жанұяларды, мүмкіндігі шектеулі перзенттері бар отбасыларды қолдау мақсатында бөлімшенің Жастар ұйымымен бірлесіп «Балалар күлкісі станциясы» атты акция әр тоқсан сайын өткізіледі. Оның нәтижесінде аталған отбасыларға материалдық жәрдем жасалуда. Бұл шаралардың сыртында биыл Алакөл жағалауындағы демалыс базасында 40 адам кәсіподақ қаражатына денсаулықтарын нығайтып қайтты.

– Теміржолшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спорттың бұқаралығын арттыруда Семей ЖТ бөлімшесі ұлттық компания көлемінде алдыңғы орында екені белгілі. Оған кәсіподақ тарапынан қандай ықпал бар?

– Бөлімше көлеміндегі барлық спорттық шаралар кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен әрі демеушілігімен өткізіледі. Мәселен, биыл тораптық станциялар арасында теміржол футбол лигасының кубогын өткіздік. Нәтижесінде ШЧ-29 командасы жеңімпаз атанып, Алматы қаласындағы сайыста да жүлде алды. Жалпы, мұндай шаралар барлық мереке күндері ұйымдастырылады. Теміржолшыспортшыларымыздың республикалық байрақты бәсекелерде де топ жарып жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Мұның сыртында «психологиялық жүктемеден арылу» бөлмесін аштық. Ағымдағы жылдың 9 айында сол бөлмеге 500-дің үстінде теміржолшылар келіпті.

– Кәсіподақ қызметінің өкілдеріне ерекше көңіл бөлінетінін айтқан едіңіз...

– Семей теміржолы бойынша еңбек ететін кәсіподақ қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығы сақтандырылған. Айта кетсек, мұндай ерекшелік тек біздің бөлімшеде ғана бар. Яғни, кәсіподақ қызметкерлерінің өмірі 24 сағат бойы, тіпті жұмыстан тыс жерлерде де сақтандырылған. Бұл ретте «Номад-Иншуранс» сақтандыру компаниясымен келісімге отырғанбыз. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Біз үшін әр қызметкеріміздің өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Сөз орайында айта кетсем, бүгінде Семей өңірі бойынша теміржол саласында еңбек етіп жүрген 25 қызметкер бар екен.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

– Басты бағдарымыз – ұжымдық шарт аясында жұмыс жүргізу. Оған енгізілген 30-дан аса өзгертулер мен толықтырулар жайында желі бойында жиындар өткіздік. Оның ішінде жалақы төлеу, еңбек қатынастары, денсаулығына байланысты демалыс сынды тақырыптар өзекті саналады. Соның аясында жетістіктеріміз де мол. Мәселен, биылғы жылы теміржолшылардың қызметтік киімдерін алуға 100 пайыз қол жеткіздік. Осыған дейін бұл мәселеде біршама проблема болған еді. Қазіргі күні алдағы уақыттарда орын алуы мүмкін оңтайластыру, зейнетке ерте шығу шаралары бойынша ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын қолға алдық. – Сұхбатыңыз үшін рахмет. Кәсподақ қызметіндегі еңбегіңіз жемісті бола берсін!