Елбасының ерекше қолтанбасы бар

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде мерекеге арналған салтанатты жиын өтті.

Теміржолшылар мен кәсіпорын жұмысшылары, «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымының мүшелері қатысқан жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы рөлі туралы сөз болды. «Тұңғыш Президент еліміздің экономикасын ілгерілетіп, аяғынан тік тұрғызды. Соның ішінде теміржол саласының жүйеленіп, дамуға көш түзеуіне де Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі сіңгенін айтуымыз керек. Осындай ілкімді шаруалар, халықаралық аренадағы сарабдал саясаты, бастамалары мен идеялары Елбасының ізін айқындай түсері анық», деп баға берді жиында сөз алғандар.

Сондай-ақ, жиында Тараз қалалық мәслихатының депутаты Марат Мырзахметов, партияның бастауыш ұйымы төрағасының орынбасары Нуриддин Қолдасов, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Анатолий Ким сөз сөйлеп, мерекенің тарихи мәні мен маңызына тоқталды. А.Кимнің айтуынша, Тұңғыш Президент сонау 97-жылдары Одақтан бөлініп шығып өз алдына отау тіккен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының іргесі қалануына көп күш салғанын айтты. «Елбасының қолдауымен компания серпінді дамуға бет бұрды. Бұл сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мұның барлығында бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қолтаңбасы бар деп білеміз», – деді Жамбыл ЖТ бөлімшесінің бас инженері.

Кездесу барысында жиналғандар Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын, оларды шешудегі партияның рөлін талқылады, сондай-ақ қаладағы және жалпы аймақтағы көптеген мәселелер мен проблемаларға тоқталды.