Алтыншы телім

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қырқыншы мен Сарыоба станцияларының арасы және одан әрі Еркіншілікке барар жолдың 70-ші шақырымына дейінгі аралыққа Ірілендірілген Астана жол дистанциясының №6 телім жолшылары күтім жасайды. 12 жылдық тәжірибесі бар теміржолшы Төленді Шапшекеев жетекшілік ететін телім жолшыларына үлкен жауапкершілік жүктелген.

Елорданың бас қақпасынан кейінгі Қырқыншы станциясында жүк түсіру, тиеу, құрылымдау, сұрыптау жұмыстары 16 станция жолында тәулік бойына тоқтаусыз жүргізіледі. 2 станция, 2 перегондағы темір жолдың күтімін телімнің 22 адамнан тұратын жолшылары және колоннаның 48 жол монтері жасайды. Мұнда барлығы 3 жол шебері және 3 бригадир бар. Аталған станциялар аралығындағы 57 км темір жолдың бойында бүгінде ең басты жұмыс – әрине қармен күрес шаралары. Бірінші класты Қырқыншы, төртінші класты Сарыоба станцияларында қармен күрес науқаны басталысымен бұйрыққа сәйкес ауысымдық кезекшілік ұйымдастырылады. – Күн ашық болса, түнде 2 адамнан, ал борандарда 12 адамға дейін шығады. Станция жолдарында бағыттама бұрмалары қармен кептеліп, пойыз келе жатқанда жолдың бағытын бұрмай қалуы мүмкін.

Оларды қар үрлегіш компрессормен үрлеп, қарын тазалайды Одан. бөлек қар тазалайтын СМ-2 машинасы және перегондарға шығатын СДПМ техникасы бар, – дейді телім бастығы. Сонымен қатар бүгінде атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі – маусым ауысуына қарай рельстерді ауыстыру. Яғни, Төленді Шапшекеевтің айтуынша, қыста ауа-райының суықтығынан рельстер қатып, мұздап, қысқарады, сөйтіп рельстер арасындағы жік ашылады, ал жазда, керісінше, ыстықтан олар ұзарып, жіктер бір-біріне тіреледі. Міне, сондықтан әрбір 800 метрлік рельс бунақтары арасындағы рельстер жазда 12,50 метрлік түріне, қыста 12,54 метр түріне ауыстырылып отырады. Сондай-ақ компания бойынша жұмыс істейтін жол өлшегіш вагондар да айына жұп, тақ бөлігін қосқанда жолды төрт рет тексеріп өтеді. Сол вагондар жақында аталған телімді тексерген. Айдың 1-15 аралығы бірінші рет жүріп өтеді және кемшіліктерін анықтап, соны жоюға тапсырма беріледі. Ал екінші рет айдың 20-30 аралығында сол кемшіліктермен жұмысты бақылау мақсатында тағы өтеді.

Биыл бұл телімдерге күрделі жөндеу жүргізілмеген, тек былтыр СарыобаҚырқыншы аралығындағы жол жөнделген. Малға қарсы қоршауларға биыл ерекше көңіл бөлініп, 1,5 км қоршау күрделі жөндеу көрген. Күзгі, көктемгі комиссиялық байқаудан бөлек, ай сайын ДС, ЭЧ, ШЧ, ПЧ басшылары мен жауапты адамдардың қатысуымен бірлескен комиссиялық тексеру болып тұрады. Осындай тексерулер мен айына бір рет болатын техникалық сабақтардағы жоспарлы оқыту шаралары арқылы жолшылар үнемі екі станция мен олардың аралықтарындағы жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Жолшылардың еңбек жағдайы толықтай жасалған деуге болады. Телім бастығы Төленді Шапшекеев еңбек жолын 2007 жылы қарапайым жол монтерінен бастап, бригадир, шебер, инженер-технолог, диагностикалық блог бастығы болып, еңбегімен талай жетістіктерге жетіп келеді.