Теміржол жолда қалдырмайды

Қыстың алғашқы айы құбылмалы ауа-райымен басталды. Еліміздің солтүстік облыстарында үсті-үстіне жауған қар мен көктайғақ, ұйытқып соққан боранды желден қарға адым жер көрінбей тас жолдар түгел жабылды.

Жұрт жаппай теміржолға ұмтылып, ең сенімді қатынас көлігі – пойыздарға иек артуға көшті. Қыс маусымына сақадай сай келген «Жолаушы тасымалы» АҚ қандай да төтенше жағдайға дайын екендерін сөзбен емес, істерімен дәлелдеуде.

Айталық, күні кеше Павлодардың Екібастұз қаласынан елордаға байқауға автокөлікпен келіп, қайтар кездерінде боран басталып кетіп, тас жолдардың жабылуына байланысты үйлеріне жетуі қиынға айналған 62 оқушы мен олардың ұстаздары «Қазақстан темір жолы» компаниясының көмегіне жүгінді.

Өткен демалыста солтүстік аймақты түгел ұйпап өткен қатты боран салдарынан НұрСұлтан қаласына кіретін және шығатын барлық автожолдар жабылғаны мәлім. Осы қиын сәтке тап келген екібастұздық оқушылар мен олардың ұстаздарының өтінішімен «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Павлодар» бағытындағы жолаушылар пойызына билет алынған. Вокзалдың технологиялық үдерістерді ұйымдастыру бөлімінің бастығы Ғалия Нүскееваның айтуынша, сол күні бұл пойызға небары 22 билет қалған екен.

– Билеттер саны – 22, ал адамдар 62. Оларға екіге бөлініп билет алу туралы ұсыныс бергенмен, байқауға қатысып келе жатқан балалар мен ұстаздары тек бірге қайтатындықтарын жеткізіп, ол ұсыныстан бас тартты. Сосын ақылдаса келе Магистральдық желі дирекциясы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның шұғыл бөліміне хабарласып, осындай жолаушылардың қиындыққа ұшырағанын жеткіздік. Ортақ мәмілеге келген басшылық аталған бағыттағы пойызға тағы бір қосымша вагон жалғау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, айналдырған бір сағаттың ішінде екібастұздық жолаушылардың мәселесі оң шешімін тапты. Барлық балалар мен олардың ұстаздары түгел билет алып сол пойызбен жүріп кетті. Олар өз өтініштерінің жерде қалмағанына, жұптарын жазбай пойызға отырып бірге аттанғандарына риза болып, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының қолдауына алғыстарын білдірді, – дейді Ғалия Нүскеева.

Сөйтіп түнгі 23.15-те Павлодарға аттанған №673 пойызға әлгі жолаушыларды аманесен отырғызып жіберген. Теміржолшылар қауымына осындай шұғыл шешім қабылдап, қиын жағдайдан шығуға көмектескендері үшін оларға да ризашылықтарын білдірген жолаушылар: «Автожол жабық болса – теміржол бар, сондықтан жолда қаламыз деп еш уайымдамаймыз» десіп жатты.