Форум: қауіпті тоқтау – өз қолыңда (ФОТО)

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Үстіміздегі жылдың 29 қарашасында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында компания Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың қатысуымен Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі форум өтті. Компания тарихында алғаш рет өткізіліп отырған шараның басты мақсаты – қауіпсіз еңбекті дәріптеу, ҚТЖ компаниялар тобы қызметкерлері арасында нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын енгізу болатын. Форумда қозғалған маңызды мәселелерден түйгеніміз, енді саланың әрбір қызметкері өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмысты тоқтатуға құқылы. Оның жарқын көрінісін, Компания басшылығының қауіпсіздік саласындағы жеке міндеттемелерге қол қойып, «Қауіпсіздік іс-қимылының диалогы» бағдарламасын ресми іске қосуынан көреміз.

Бес жүзге жуық адамның басын қосқан жиынға «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ жетекшілері, теміржол өнімдерін өндіруші компаниялар «WABTEK GENERAL ELECTRIC», «Қамқор Локомотив», «Теміржол жөндеу» ЖШС менеджерлері де қатысты. Форумда сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Компания тарихында тұңғыш рет өткізіліп жатқан Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі форумның теміржолшылар үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. «Соңғы он жыл ішіндегі талдауға сүйенсек, жыл сайын 8-10 қызметкер өндірістік жарақаттану оқиғасына тап болады екен. Биыл бұл көрсеткіш – 4 адам. Бірақ, оның өзі көп. Көп жағдайда адамдар ағымдық жұмыстардың көптігіне байланысты немесе үйреншікті дағдымен қауіпсіздік мәселесіне аса мән бермей жатады. Қауіпсіздік жөніндегі мамандар жарақаттану оқиғасы аз болған сайын Компанияның технологиялық деңгейі жоғары әрі жақсы болатынын айтады. Расымен олар бір-бірімен байланысты. Жарақаттану оқиғасы көп болған сайын компанияда абырдабырдың да көп болары анық. Жұмыстың ұйымдастырылуы да жақсы емес, технологиялық тұрғыдан да төмен компания болары кәміл. Жарақаттануды азайту үшін жұмыстану керек, компанияның технологиялық деңгейін жақсартуға ұмтылу керек. Бұл – түсінікті аргумент. Сондықтан біз бұл форумды жай ғана өткізіп қоймай, осы бағытта нақты шешімдер қабылдауға тырысамыз. Егер талдауға терең көз жүгіртсек, объективті жағдайлардың да бар екенін де жоққа шығармаймыз, десек те, көп жағдайда жарақат алуға әкелетін басты фактор – ол адамның өзін ұстауы. Осыған байланысты бүгінгі форумның литмотиві ол, егер жұмыс қауіпті болса, оны тоқтату болмақ. Әрине, алға деп жұмысты талап ететін басшылықтың бар екені де рас. Бірақ, бүгін біз Компания басшылығы көпшілік алдында егер жұмыс қауіпті болса, оны тоқтат деген қауіпсіздік саласындағы жеке міндеттемелерге қол қоямыз. Және де қауіпті жұмысты тоқтатқаны үшін оған қандай да бір жазалау болмайды. Бастапқыда қауіпті жұмысты тоқтатқанда әлдебір шығындар болары анық, бірақ, бір-екі мәрте қауіпті жұмысты тоқтата отырып, біз оның себептерін жоямыз. Бұл форум жарақаттану жайттарын азайтуға сеп болар деген үміттеміз. Өйткені, адам өмірі – ең бағалы құндылық», – деп атап өтті Сауат Мыңбаев. Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры – бас инженері Батыр Котырев, 2018 жылы ҚТЖ компаниясы қосылған VIZION ZERO тұжырымдамасына сәйкес қауіпсіздік мәдениетін дамыту, сайып келгенде, еңбек қауіпсіздігінің жоғары стандарттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтады.


Оның айтуынша, Компанияның әрбір қызметкерін барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жұмыстарды саналы түрде орындауға тарту үшін қызметкерлердің өзгерістерге дайындығын ояту қажет, бұл жаңа қарымқатынастар мен жаңа мінез-құлық сөзсіз болатын жағдайды туғызады.

– Компанияда еңбек сапасын, қызметкерлердің, мердігерлік ұйымдардың қанағаттану деңгейін арттыруға, компания қызметкерлерінің дене және психологиялық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін нөлдік жарақаттану жағдайына қол жеткізуге бағытталған 20192022 жылдар аралығын қамтитын өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі Жол картасы әзірленді. Біз жүргізіп отырған жұмыс – жаңа құралдарды пайдалана отырып, адамдардың санасы мен мінез-құлқының өзгеруін таратуға бағытталып отыр, олар: мінез-құлықтық қауіпсіздік диалогы, сенім телефондары, қауіпсіз емес жұмыстарды тоқтату, егер олар қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін болса, қауіпсіз емес жұмыстарды орындаудан бас тарту, «ӨҚ АЖ» мобильдік қосымшасының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жақсарту жөніндегі ұсыныстар, – деген Батыр Котырев толық ашықтық пен айқындылыққа қол жеткізудің маңыздылығын түсіне отырып компания басшылығы, барлық еңбек ұжымдарына тіркелетін оқиғалардың өсімі үшін тәртіптік жауапкершілік шараларын қолдануға мораторий енгізу туралы үндеу жолданғанын жеткізді.

– Бұл Компаниядағы ұзақ та қиын жол екенін түсінеміз. Алайда, алдын ала жасаған есептер көрсеткендей, егер біз қазірден бастап өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесін жетілдірмесек, адамдардың санасын өзгертпесек, онда біз нөлдік жарақаттануға тек 2060 жылы жетеміз. Мұндай мерзім бізді қанағаттандырмайды. Бұл үдеріске компания қызметкерлерінің, яғни 124 мыңнан астам адамның бір кісідей қатысуы, қауіпсіз және салауатты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, – деп сөзін түйіндеді «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері.


Өндірістік жарақаттану себептері, олардың алдын алу және болдырмау жолдары, HSE жүйесі туралы егжей-тегжейлі әңгіме «ҚТЖ» ҰК» АҚ Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің директоры Асхат Сариевтің «HSE өзінөзі бағалау және компаниядағы жарақаттанудың ағымдағы жағдайы» тақырыбында әзірлеген баяндамасында өрбіді. Қауіптің пайда болуына қандай факторлар ықпал етеді дейтін болсақ, бірінші кезекте Компания қызметінің өзі қауіпті факторлармен, яғни жылжымалы құрам, темір жолдар және электрмен жабдықтау нысандарымен тығыз байланысты екенін еске салып өтер едік. Осыған байланысты көптеген жұмыс орындары қауіпті, зиянды және күрделі еңбек жағдайында болып отыр. Соған қарамастан еліміз бойынша теміржол саласы жарақаттану деңгейі бойынша 2018 жылдың статистикалық деректері көрсеткендей, республиканың 14 саласы арасында 10-шы орынға тұрақтап, жарақаттану оқиғалары аз бірінші бестік қатарына кіріп отыр. «Компанияда LTIFR көрсеткішін пайдалана отырып, жарақаттану жағдайына тұрақты түрде ай сайын мониторинг жүргізу тәжірибесі қалыптасқан. Компания бойынша бұл көрсеткіштің ағымдағы мәні бекітілген төменгі шектік мәнінен аспай отыр», – дейді Асхат Сариев. Оның айтуынша, Компанияда жол берілген оқиғалардың 80%де адам факторының қатысы бар екен. Егер кәсіпорында ажал құштырған бақытсыз оқиға болса, оның негізінде бір мыңнан бірнеше мыңға жететін қауіптер мен қауіпті жағдайлар бар екені анық. Ал қайғылы оқиғаның алдын алудың бір ғана жолы – ол қауіпсіз емес жағдайдың және қауіп-қатері жоғары жұмыстарға жол бермеу. Осы ретте, қауіпсіздік мамандары диагностика жасау әдістемесі ретінде ұйымдардың менеджерлері мен жұмыс берушілерге арналған Vision Zero-ны басшылыққа алуды ұсынып отыр. Биылғы жылдың қаңтарында ұлттық компания Халықаралық әлеуметтік қамтамасыз ету қауымдастығының (ХӘҚҚ) «Нөлдік жарақаттану», яғни «Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды. ХӘҚҚ әзірлеген бұл тұжырымдама 7 «алтын ережеден» тұрады.


Өзіндік тестілеудің қарапайым процедурасы арқылы Компанияда жеті «алтын ереженің» қайсысының орындалып жатқанын, қайсысын жетілдіру керектігін және қандай да бір түзету әрекеттерін қабылдау қажеттігін жедел бағалауға болады. Сонымен қатар Компанияда айрықша назар қауіпсіздік үдерістерін автоматтандыруға бөлінген. Компания бизнесін трансформациялау шеңберінде автоматтандыру мәселесі «Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік, еңбек қорғау және қауіпсіздік саласына ИТ шешімдерді енгізу» деп аталатын жеке жоба ретінде қарастырылған. Жобаның мақсаты бірыңғай интеграцияланған бағдарламалық қамтамасыз етуде өндірістік қауіпсіздік процестерін жүргізуге кезең-кезеңмен көшуді жүзеге асыру болып табылады. Бұл енгізілетін жүйенің мүмкіндіктері Өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйелерінің барлық аспектілерін қамтиды екен. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің директоры Асхат Сариев ҚТЖ компаниясы өз қызметін жүзеге асыру барысында экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаның әл-ауқаты үшін жауапты екенін және жыл сайын «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобында қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету мақсатында және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі Тұжырымдамасының басым міндеттерін ескере отырып, бірқатар шараларды іске асырып жатқанын атап өтті. Осы іс-шараларды орындау жыл сайын қоршаған ортаға ластаушы заттардың эмиссиясын 2-3%дан қысқартуға мүмкіндік беруде. Бұл компанияның қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету жөніндегі белгіленген мақсаттарына қол жеткізіп келе жатқанын айқындай түседі. Бұдан басқа, экологиялық менеджмент жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалардың да жүзеге асырылып жатқаны белгілі болды. Қауіпсіздік іс-қимылы диалогын өндіріске енгізуге қатысты Асхат Сариев: «Практикалық құралдарды қолдана отырып Қауіпсіздік іс-қимылы диалогының бағдарламасын кең ауқымда енгізу үшін өзгерістер көшбасшылары мен ішкі жаттықтырушыларды Компанияның қалған персоналына білім мен дағдыларды таратып түсіндіретін тұлғалар ретінде оқыту қажет. Жаттықтырушылар корпусы жұмыс орындарына барынша жақын болуы тиіс, бұл барынша қысқа уақытта талап етілетін сападағы оқу нәтижелерін көруге мүмкіндік береді», – дейді. 

Сонымен қатар ол еңбек ұжымындағы қауіпсіздік мәдениетінің деңгейі басшылардың көрсеткен жеке үлгісіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты форум жұмысы аясында жоғары буын басшылары өндірістік қауіпсіздік саласына қатысты оқудан өтсе, 5-6 желтоқсан күндері Ақтауда өткен форум аясында жүк тасымалы мен магистральдық желі бөлімшелерінің бас инженерлері оқытылмақ. Жалпы желтоқсан айында 243 адамды қауіпсіздік тақырыбында біліммен сусындату көзделген. Ал алдағы жылдың қаңтар айында жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелерінің жетекшілері өндірістік қауіпсіздік, «Қауіпті тоқтат!» тақырыптарында білім көкжиектерін кеңейте түспек. «Сала қызметкерлерінің санасын өзгерту, қарым-қатынасын өзгерту, ең бастысы «ҚТЖ» компаниясының әрбір қызметкеріне, егер оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұр деп санаса, «Қауіпті тоқтат!» құқығын пайдаланып, жұмысты тоқтата алатынын бойына сіңіре отырып, қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға бағытталған өр мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2600-ден астам сағат қарастырылып отыр», – деді Асхат Сариев.


Форум барысында еңбекті қорғау бойынша үздік тәжірибелерді енгізгені үшін компания ұжымдары мен қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталып, түнгі ауысымда жұмыс істеп жатқан шағында жол монтерлерінің басынан өткен қайғылы оқиғалар мен жапа шегушілерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен әріптестерінің жайлары баяндалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. ...Оқиға 2018 жылдың 4 сәуірінде болыпты. Сол күні түнгі ауысымда жұмыс істеп, қайғылы оқиға куәгері болған жол монтерлерінің бірі Амандық сол оқиғаны былай деп еске алады: «Біз үш адам түнде СМД-80 техникасымен жұмыс істеп жаттық. Платформаның қалай келіп қалғанын байқамадық. Оған дейін біз үшеуіміз де жұмыс істеп жатқанда жан-жағымызға қарап, қауіп-қатерден сақтануға тырыстық, біздің үстімізде арнайы киім де бар болатын, басымызда фонарь шамы болды. Пойыз құрастырушылар мүлдем көрінбеді. Біз Жейсмармен жұмыс істеп жатқандықтан, оның даусы мотоцклдей дырылдап жататын. Содан болса керек, пойыздың даусын естімедік. Біздің жұмыс істеп жатқан телім жол бұрылысы еді, онда біз болттар мен гайкаларды бұрап жатқанбыз. Локомотив біздің үшеуімізді де соқты, мен екінші жолға ыршып түстім, менің шынтағым соғылды. Ал қасымдағы екі жігіт пойыз астында қалды, тепловоз тоқтамады, мен жүгіріп барып тас алып лақтырдым, содан кейін тепловоз тоқтады. Сосын мен аға жол монтерлерді шақырдым». Ал тепловоздың астында қолаяғы басылып қалған Ақназар есімді жол монтеріне алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жаны аман қалуына септігін тигізген Ермек Рахымбаев былай дейді:

«Біз СМДС техникасымен жұмыс істеп, қолымыз босаған сәтте жігіттерге көмектесуге бардық. Олар Жейсмармен жұмыс істеп жатты. Содан бізге тамақ әкелді, біз тамақтануға өз техникамыздың қасына кеттік. Бір кезде алыстан жарық көрдік, бірақ тепловоз жүрмей тұрып қалды. Біз машина неғып тоқтап тұр деп ойладық. Бір кезде Уазикпен ПЧМның бір қызметкері келіп тоқтады да, «ана жақта сіздердің жігіттерің бе жұмыс істеп жатқан» деді. Біз иә дедік, ол «пойыз адам басып кетті» деді. Біз апатты оқиға болған жерге жүгірдік. Біреуінің аяғын пойыз кесіп кетіпті, аяғы дөңгелек астында қалған, ал өзі сол жерде шалажансар айғайлап жатты. Ал екіншісінің тепловоз астында жанайқайы шығып жатты, оның қолы мен аяғы тепловоз доңғалағының астында қалыпты. Бәрі сұмдық жағдайды көріп, аңтарылып не істерін білмей қалды. Сол кезде мен тепловоз астына кіріп, оның қасына еңбектеп бардым. Оның кеудесін басып, қолаяғын таңып тастадым. Доңғалақтар арасы тым жақын. Машинистке қозғал кішкене десем, ол қорқып тұрды. Оның басшылары айтқасын барып қозғалды. Ауыр жарақат алған Ақназарды көлікке салып алып, жақын маңдағы ауруханаға жеткіздік. Ал екіншісі Дастан есімді жігіт, сол жерде қайтыс болды.

«Ақназарды уақытылы әкелдіңдер, 20 минутқа кешіккенде одан айырылып қалар едік» деді дәрігерлер». Ермектің стандартты емес жағдайда абдырап қалмай, сауатты әрекет етіп, әріптесіне алғашқы мединалық көмек көрсетуі – ерлікке пара-пар іс. Алайда, оны өзі ерлік деп емес, міндеті деп қабылдайды. Еңбек қорғау және қауіпсіздік тақырыптарында өткен сабақтарда алған білімінің пайдаға асып, біреудің жанын сақтап қалуға сеп болғанына қуанады. Ал Ақназар Мүтәліповке келсек, ол сол қаралы түнді ауыр күрсініспен еске алады. Үйленуге дайындалып жүрген әріптесі әрі досы болып кеткен Дастанның көз алдында қаза болғаны жанын күйзелтсе керек. Өзінің тірі қалғанына шүкіршілік етеді. Өмірге құштар жігіт мүгедекпін деп мойымайды, алға қойған мақсаттары, армандары бар. Ешкімнен көмек сұрамайды, қайта өз басынан өткен жағдай басқаларға сабақ болсын деп көмектесуге дайын. Оған осы форум барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың өзі егер Ақназар келісімін беріп жатса, даярлық курстарынан өтіп, қауіпсіздік тақырыбында дәріс оқитын ішкі жаттықтырушы болуға ұсыныс жасады. Бұл келісімді Ақназар да қуана қабылдады. Енді Компанияның қауіпті аймақтарында өндіріс орындарында жұмыс істеп жатқан кез келген жұмысшысы қауіпті еңбекті тоқтатып, өз өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға құқылы. Ол үшін ешкімді жазғырмайды, қайта қолдайды. Қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға сен де үлес қос. Өйткені, сені үйіңде отбасың күтіп отыр.