Бұрымдылар волейбол бәсекесінде

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік теміржолшы қыздар 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай спорттың волейбол түрінен ұйымдастырылған жарыста мейлінше тартымды әрі шиеленісті ойын көрсетті.

Бұл жолғы сайысты өткізуге Семей ЖТ бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы ұйытқы болыпты. Жарысқа өзара іріктелген кілең спортшы қыздардан тұратын 4 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды.

Толық айналым бойынша өткен ойын барысында барлық командалар дерлік бір-бірімен кездесу өткізіп, шеберліктерін сынға салды. Бұрымдылар сайысына жанкүйерлер қауымы аса мол жиналғандықтан да әр кездесу, әр ойын қиқуға толы өрбіп, қызу түрде өтті. Өз командаларының намысы үшін дем беруге келген мекемелер басшылары да көрермен қатарынан табылған болатын. Нәтижесінде тартысқа толы сайыс барысында қыздар барын салды.

Десе де, ойынның соңына қарай біртіндеп үздіктер анықтала бастады. Нәтиже бойынша Транстелеком Семей филиалының қыздары барлық командаларды 2-0 есебімен ұтып, біріншілік чемпионы атағын айқын басымдылықпен жеңіп алды. Ал өзге командалар арасында екінші орын үшін талас қызу өтіп, ойын барысы шиеленісті өрбіді. Семей және Жаңа-Семей станцияларының командалары арасындағы кездесуде жүлделі орын соңғы аталған команданың қыздарына бұйырды. Ал намысты қолдан бермеген Семей станциясының волейболшылары ұпай санының басымдылығымен үшінші орынға тұрақтады. Біріншілік бойынша төртінші орынды НЖС-6 қыздары еншіледі.

Ойынның соңында барлық қатысушы командалар мен үздік ойын көрсеткен спортшы қыздар кәсіподақ комитеті тарапынан бағалы сыйлықтармен, мақтау қағаздарымен марапатталып, жанкүйерлер қошеметіне кенелді.