Байланыссыз басқару жоқ

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Белгі беру және байланыс дистанциясы теміржолдың күретамыры іспеттес. Байланыссыз қалса қозғалыс та жоқ, пойыздар тоқтайды деген сөз. Арыс белгі беру-байланыс дистанциясы 260 шақырымнан астам қос жолды, оңтүстігінде Өзбекстан мемлекетімен, солтүстігінде Қызылорда тасымалдау бөлімшесімен шектесетін телім бойының байланыс құрылғыларына қызмет көрсетеді.

Дистанцияда 24 бригада бар, жалпы жұмысшылар саны – 318 адам. Өңірдегі Отырар, Арыс, Қазығұрт, Сарыағаш аудандары мен Шымкент қаласы арқылы өтетін 22 темір жол бекетінде 400-ден астам техникалық қондырғысы бар. Сондай-ақ, Арыс-СарыағашТүркістан учаскесінде электрмен орталықтандырылған 20 станция бар. Оның ішінде 1 класты 2 станция, 2 класты 1 станция, 3 класты 2 станция, 4 класты 3 станция, 5 класты 11 станция бар. Станциялар ЭЦ-2, ЭЦ-9, ЭЦ-12, БМРЦ типтегі электр орталықтарымен жабдықталған. Дистанция пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып, байланыс пен СОБ құрылғыларының ақаусыз, үздіксіз жұмыс істеуін қадағалайды.

Биыл дистанцияда он айдың ішінде релелік шкафтардан 7 дана, 2 дана бағдаршам, жол қорапшасынан 6 дана, электрбұрмадан 15 дана, тозығы жеткен ВАК-13 түзеткіші 5 дана токты реттегішке ауыстырылыпты. Алайда оқшаулағышы төмен кабель материалдары түспегендіктен жоспар бойынша 2 шақырымға жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бұдан бөлек, мерзімі бітуіне байланысты тозығы жетіп ескірген 170 дана аккумулятор, 100 дана дроссель және жалғағыш, 2 дана СПГ-3М типтегі дөңестегі электрбұрма, 300 дана тежегіш шиналарын тежегіш балкасына бекітетін тозығы жеткен болттар су жаңасына ауыстырылған. Жоспарға сай ГР типіндегі дыбыс ұлғайтқыштардың 15ВП түріне 30 данасы, УПВ құрылғысының 30 данасы тағы ауыстырылды.

– Жыл басынан бері он айдың ішінде тағы 14 дана статив, 8 релелік шкаф, 20 дана электрбұрма, 15 жәшік пен кабель жалғағышын, 11 дана бағдаршам, 12 батареялық шкаф, 15 бұрма бағыттағышын бірыңғай стандартқа келтіріп монтаждадық, – деді Арыс ШЧ38 техникалық бөлімнің инженері Дәулет Тұрысбеков.

Арыс ШЧ-38 мекемесін 2009 жылдан бері осы саланың білікті маманы Қайыпжан Жаулыбаев басқарып келеді. Дистанцияда бас инженер М.Жаңабаев, СОБ бойынша директордың орынбасары А.Корчагин, байланыс жөніндегі орынбасары М.Назаровтардың қай-қайсысы да осы саланың мықты мамандары болумен қатар, кәсіпорынның дамуына бір кісідей үлес қосқан жандар. Сонымен қатар, Түркістан ЭО постының СОБ аға электромеханигі С.Аманжолов, байланыс аға электромеханигі Қ.Ізбасаров, ДО орталық посты СОБ электромеханигі П.Жанабаев, Арыс ГАЦ СОБ электромонтері Е.Нахипов, СОБ телім бастығы А.Қонысов, байланыс электромеханигі Б.Есенғараев, КИП электромеханигі А.Манатов, аға электр механик О.Кияшов, СОБ электрмеханигі К.Мамеков, дөңес телім бастығы Н.Жүнісов, СОБ электрмонтері Д.Абдуллаев сынды мамандардың дистанцияның өсіп-өркендеуінде еңбегі ерен. Ал Арыс қаласының Құрметті азаматы Б.Дюсебаев, А.Кудрин, зейнеткер М.Ордабаев, аға байланыс электромеханигі Қ.Ізбасаров, Арыс дөңес телім бастығы Н.Жүнісов сынды «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегерлері – дистанцияның мақтанышы.

Айта кетейік, Арыс белгі беру және байланыс дистанциясының тарихы 1905 жылдың 1 қаңтарынан Орынбор-Ташкент теміржолы Арыс қозғалыс телімінің шифровалдық бөлімі ретінде бастау алады.