Станцияларда жүк көбейді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе ЖТ бөлімшесіне қарасты бірінші класты Жіңішке және Қызғалдақты станцияларында он айдың жүк тиеу жоспары артығымен орындалған. Тасымал көлемі артып, вагон айналымы мен тиеутүсіру жұмыстарының көрсеткіші де жоғарылаған.

Екі бірдей жүк станциясының ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп отырған Талғат Сағынов – ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өңірдегі ірі компаниялармен тығыз жұмыс жасап отырған іскер басшылардың бірі. Атап айтсақ, станция «Қазхром», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Көктас-Ақтөбе» АҚ, «Лад» ЖШС, «Стройдеталь» ЖШС, «ЖБИ-35» ЖШС секілді бірқатар кәсіпорындарға «Ақтөбе-Теміржол» өндірістік теміржол көлігі серіктестігінің маневрлік тепловоздары қызмет көрсетеді.

Станцияда жалпы ұзындығы шамамен 90 км құрайтын 66 кірме жол бар. Aқтөбе рельс арқалық зауытына кіретін теміржол тармағын жалғастыратын Қызғалдақты торабы Жіңішкеге қарайды. Биыл рельс арқалық зауытынан он айда 840 вагон қара металл тиелген. Оның ішінде 624 вагон экспортқа шығарылса, 216 вагон республика аумағында тасымалданған.

«Ірі компаниялардың өнімі теміржол арқылы шетелге дейін тасымалданып отыр. Қытай, Жапония, Германия, Италия, Өзбекстан, Түркменстанға дейін жеткізіледі. Бізден шыққан жүк бірінші Қандыағаш станциясына дейін барады, ол жақтан әрі қарай шет мемлекеттерге жөнелтіледі. «Стройдеталь» компаниясының өнімдері Қазақстан аумағына, әсіресе Батыс аймақтарға тұрақты тасымалданылады. «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан көпірлерге осы компанияның бетондарын жеткіземіз», – дейді Жіңішке станциясының басшысы Талғат Сағынов.

Жіңішке станциясында биыл 10 айдағы тиеу жұмыстары 113,8 пайызға артық орындалған. Жоспар бойынша станцияға 106 мың тонна тұратын 1958 вагон металл тиеу міндеттелсе, бүгінде 2143 вагон болатын 120 644 тонна жүк тиеу жұмыстары орындалған. Осы уақыт ішінде 36 445 вагон жүк түсірілген.

Қызғалдақты станциясында да он айда 56 тонна жүк тиеліп, 104,1 пайызға артық орындалған. Теміржол арқылы тасымалданатын жүктердің денін қара металл, металл, құрылыс бұйымдары, мұнай өнімі және астық құраған. Құрылыс компаниялары тасымалдау жұмыстарында теміржол қызметіне деген сенімін жоғалтпаған. Жіңішке және Қызғалдақты станциясында барлығы 130 теміржолшы еңбек етеді. Олардың дені – станция кезекшісі, пойыз құрастырушысы, дабыл беруші, жүк қабылдаушы, операторлар және тауар кассирлері сынды жұмысшылар. Бірінші кластық станцияда бір парк бар.