Жаңа пилоттық жоба жемісі

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент магистральдық желі бөлімшесі бос жұмыс орындарына кадр таңдауда жаңа «пилоттық жоба» бойынша іріктеу жасаған. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін іске қосылған жоба нәтижесінде 42 адам жұмысқа қабылданды.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 13 мамырынан бастап «Қазақстан темір жолы» компаниясының бастамасымен Алматы, Атырау, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Түркістан облыстарында ерекше «пилоттық жоба» жұмысын бастаған болатын.

Жоба бойынша бос орындарға адам қабылдау сыртқы жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Яғни қызметкерлерді, жұмысшыларды тамыр-таныссыз жұмысқа алудың тиімді тетігі. Аталған пилоттық жоба негізінде Шымкент теміржолы бөлімшесінде жұмыстар қалай жүргізіліп жатқаны туралы кадр бөлімінің бастығы Балжан Назарова айтып берді. Оның айтуынша, үміткерлер көп, іріктеу өте қатаң және ашық түрде жүргізіледі.

– Жобаны «ҚТЖ» ҰК АҚ Кадрлық әкімшілік департаменті жанындағы көпсалалы қызмет көрсету орталығы жүзеге асырады. Бос орындар туралы хабарландыру алдымен HeadHunter, Nur.kz сайттарына шығады. Үміткерлер осы арқылы өздерінің түйіндемелерін жолдайды. Орталық олардың түйіндемесін әр аймақтағы кадр бөлімдеріне жібереді. Біз оларды тестілеуден өтуге шақырамыз, арнайы пароль беріледі. Әрқайсысы өз бейіні бойынша қойылған сұрақтардың кем дегенде 60 пайызына жауап беруі керек. Егер жауап берсе, келесі кезеңге шақырылады. Осы ретте бір айта кетерлігі, үміткер тесттің сұрақтарына жауап бере алмай қалса, әрине әрі қарай жіберілмейді. Бірақ оның екінші рет тестті қайта тапсыруына болады. Сондай-ақ кейбір үміткерлер категориясына байланысты тест тапсырмайды. Сонымен қатар, бос орындарға теміржол саласының ішінде жүргендер де, сырттан келгендер де, бұрын осы ҚТЖ-да жұмыс істеп кеткен үміткерлер де қатыса алады. Әңгімелесуге келген үміткермен болған кездесуді бейнежазбаға түсіріп, хаттама толтырып, елордадағы Орталыққа жібереміз, – деп түсіндірді Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің кадр жетекшісі Балжан Назарова.

Үміткерлерді іріктеу туралы өткен жиынға комиссия төрағасы, Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің директоры Марат Оңалов, бөлімшенің кәсіподақ комитетінің төрағасы Е.Серперов, кадр бөлімінің басшысы Б.Назарова, қаржы және экономика бойынша директордың орынбасары З.Шоктаева, персонал жөніндегі менеджер Г.Балғожаева қатысқан. Айта кетейік, Шымкент магистральдық жел бөлімшесіне қарасты ШЧ, ЭЧ, ПЧ мекемелеріндегі тестілеу, жоба бойынша кадрларды іріктеу өз бөлімдерінде өтеді. Біз осы аталған пилоттық жобамен жұмысқа қабылданған бір-екі маманмен тілдесіп көрдік. Бүгінде олар жобаның арқасында жұмысқа қабылданып, өз міндеттерін абыроймен атқарып жатыр. Олардың қатарында электромеханик Қуаныш Қыңырбеков пен арқандаушы Данияр Еркінов бар.

– Мен осыдан бұрын Алматы магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Ақтоғай станциясындағы ШЧ-31 мекемесінде электромонтер болып істегенмін. Ол жақтан өз еркіммен жұмыстан кеттім. Содан Шымкентке келген соң үш ай бойы жұмыс іздедім. Интернеттен «Nur.kz» сайты арқылы бос жұмыс орнын көріп қалып, түйіндемемді жібердім. 6 қазанда әңгімелесуге шақырды. Әңгімелесу барысында комиссия мүшелері болды, бәрі аудиожазбаға жазылды. Жұмысқа қабылдануым өте әділ, ашық түрде өтті. 16 қазанда жұмысқа қабылданғаным туралы бұйрық шықты. Қазіргі таңда НЖС-9 құрылыс жөндеу бригадасында электромеханик болып жұмысымды істеп жатырмын, – деді Қуаныш Қыңырбеков.

Ал арқандаушы Данияр Еркіновке де бұл сала таңсық емес, себебі бұрын теміржолда жұмыс істеген екен.

– 2006 жылы оқу бітіріп келген соң Шымкент теміржол бөлімшесінде жұмыс істегенмін. Кейін 2012 жылы басқа жұмысқа ауысып кеттім. Осы жылдың мамырында жұмыс істеп жатқан зауыттан қысқартуға түсіп қалдым. Содан жан-жақтан жұмыс іздедім. Мұндағы вакансияны «HeadHunter» сайтынан көріп қалып, түйіндеме жібердім. Әңгімелесуге шақырды. 8 тамыздан бастап жұмысқа қабылданып, теміржол саласына қайтып келдім. Қазір Шымкент қаласындағы қалпына келтіру пойызында арқандаушы болып жұмыс істеп жатырмын, – деді Д.Еркінов.