Сауатты логистика – тиімді тасымал көзі

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүгінгі Семей теміржолындағы жүк тиеу шаралары бойынша 2-ші класты учаскелік Дегелең станциясының алар үлесі 50 пайыздан кем емес десек, қателеспейміз. Осынау қайнаған еңбек ордасында жергілікті теміржолшылар тәулік бойы толассыз қызмет атқарады.

Байтақ республика мен көршілес елдерге де көмір тиеп жөнелтетін жүк станциясындағы қарбалас соңғы екі жылдан бастап жаз мезгілінде де толас таппайтын болған. Ал қазіргі күні қыс қарсаңындағы техникалық процестер тіптен күрделене түседі екен.

Семей ЖТ бөлімшесі басшысының орынбасары Ерғазы Жұмаділов бастаған жұмыс тобының құрамында аталмыш станцияға сапар барысында Дегелеңдегі іс барысымен кеңірек танысудың, ондағы қызметкерлердің қалтқысыз қызметіне тағы бір қырынан үңілудің мүмкіндігі туды. Қазіргі күні Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға көмір жөнелтіп, сонымен қатар, күллі Шығыс Қазақстан облысын да толықтай қамтамасыз етіп жатқан Дегелеңнен тәулік сайын ең кемі 6 жылжымалы құрам жолға шығады екен.

Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш көрінеді. Сонымен қатар станция бойынша бөлімше басшысы Марлен Көкрекбаевтың бастамасымен қолға алынған жаңашылдықтар көп. Мәселен, 6 000 тонналық жүкті жолға алып шығатын ауыр салмақты пойыздар да құрастырылады.

Станция бастығының логистика бойынша орынбасары Самал Тұрсынханованың жұмыс кабинетіндегі қос телефонға тыным жоқ, кезекпе-кезек шырылдайды. Оларға кезек-кезек жауап беріп, тиісті нұсқау беріп тұтқаны орнына қойған Самал Көшкінбекқызы: «Жөнелтілген вагондарды межелі мерзімнен бұрын жинап үлгердік, станция басында кептеліс тумауы үшін Өзбекстанға ауыр салмақты пойыз жасақтап, Дегелең – Жаңа-Семей – Ақтоғай телімдері арқылы шұғыл түрде жолға шығару қажет», – деп мәлімет берді. Самал Көшкінбекқызы – биыл іргетасының қаланғанына 70 жыл толатын осы станцияда ширек ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан байырғы маман. Заманында Конечная деп аталған, Семей ядролық сынақ полигонының құпия нүктесі саналатын станцияның өткенін бес саусақтай біледі.

– Дегелеңдегі қызмет – жаңа атауға ие болып, 187 шақырымды құрайтын Ақсу – Дегелең теміржол желісі іске қосылған 2001 жылдан бастап күрт қарқын алды. Алғашқы жолаушылар пойызы мен іргедегі Қаражыра кенішінің ашылуына байланысты жүк тасымалы да осы жылдары жүргізіле бастады. Уақыт өте келе станцияның ауқымы кеңейіп, жаңа мәртебеге ие болды. Ал, көмір тасымалын жазғы мезгілден бастау туралы ұлттық компания басшылығының шешімі шыққан соң мұнда науқандық сипаттағы жүк тиеу шаралары тіптен артты. Тасымалды тиімді ұйымдастыра білудің кілті – сауатты логистика. Демек, біздің басты мақсатымыз да сол – логистиканы дұрыс жүргізу, – дейді Самал Көшкінбекқызы.

Қазіргі күні Дегелеңдегі жүк бөлімі келіп түскен коммерциялық ұсыныстарды рәсімдеп, қарастырып жатыр. Қаражыра көміріне өтініш жасаушылар қатары жыл санап артып келеді. Қосымша тапсырыстар саны соны білдіреді. Дегелең станциясындағы жүк цехындағы қарбалас әсіресе қыс қарсаңында арта түседі. Бұл ретте бөлімшедегі логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімі басшылығының нұсқаулықтары да басшылыққа алынады. Қазіргі күні тәулігіне 400-дің үстіне вагонға көмір тиеліп жөнелтіледі екен. Бұл көрсеткішті қысқы мезгілде 420-450-ге дейін де жеткізуге болады.

– Біз үшін негізгі міндеттемелердің бірі – вагондардың дер кезінде жеткізілуі және станция басында іркіліс тудырмауы. Әйтсе де, біздің қатысымыздан тыс келеңсіз жайттар да орын алады. Қаражыра кенішінің басындағы ауыр техникалар сынып, көмір тиеуде кедергілер туындағанда алаңдайтынымыз бар, – дейді логистика маманы.