Мұқыр станциясы міндетіне адал

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау теміржолына қарасты Мұқыр станциясы – 80 жылдан бері халыққа қызмет етіп келе жатқан байырғы бекеттің бірі. Қазіргі уақытта 4-ші класқа жататын шағын станция арқылы тәулігіне 6 жұп жолаушылар пойызы, Тальго жүрдек пойызы және 20 жұп жүк пойызы өтеді.

 Станцияда 40 адам жұмыс істейді, оның ішінде қозғалыс саласының мамандарынан бөлек байланыс, электрмен жабдықтау, вагоншылар, т.б. теміржолшылар бар. Бәрінің міндеті станция арқылы өтетін жолаушы және жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғандықтан бір қолдың саласындай ұйымшылдықпен жұмыс жасап, Мұқырдың атына кір келтірмей өз жұмыстарын абыроймен атқарып отыр. Станция бастығы Боран Өтеулиевтің айтуынша, өңірде соңғы жылдары темір жолдар жаңартылып, ағаш шпалдар темірбетонды түрге ауысуда. Станциялық негізгі жолдар бетон шпалдармен жабдықталған, ал қосымша жолдарда бұрынғыша ағаш шпалдар. Негізгі жол үшеу және 4 кірме жол бар. Ағымдағы жөндеу нәтижесінде пойыз жүрудің станциялық жылдамдығы 100-120 сағат/шақырымға жеткен. Тальго жүрдек пойызы сағатына 130 жылдамдықпен жүреді. Мұқырдың вокзалы 150 орынға шақталған, ішінде станция бастығы мен кезекшісі бөлмесі, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты электронды билет кассасы бар. Вокзалға 2014 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, қызметкерлердің жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалған. Бұрын жолаушылар пойызы станцияда үш-ақ минут аялдайтын. Кейін басшылық тарапынан тиісті шара алынып, пойыздың станцияда тұру уақыты 3 минуттан 5 минутқа ұзартылғаны халық үшін тиімді болды. Себебі, Мұқырда бүгінде 5 мыңның үстінде тұрғын бар. Олардың дені пойызды пайдаланады. Станция бастығының айтуынша, Атырау-Ақтөбе бағытындағы пойызға демалыс және мейрам күндері жалпы вагон қосу, Атыраудан Сағызға дейін аймақішілік жаңа рейс шығару да сөз болып жатыр екен. Ауылдық жер болғасын малсыз болмайды, өріске шығып, қайтатыны белгілі. Соған орай мал басу келеңсіз жағдайы болмас үшін станция жолдарының жиегіне мал өткізбейтін қоршау салыныпты. Өткен он айда станцияда жазатайым оқиға не жарақат алу, қауіпсіздік ережесін бұзу болмаған.