Маңғыстауда жаңа пойыз шықты

Кешеден бастап Маңғыстау вокзалына келіп кететін пойыздар саны тағы біреуге артты. Жергілікті уақытпен кешкі сағат 21:50-де «Маңғыстау-Бейнеу» бағытында қосымша №205/206 пойызы сапарға аттанды.

Пойыз алдағы мерекелерге орай теміржол көлігіне халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында кестеге қосылып отыр. Түбектің екі ірі станциясы арасын қосатын аталған жаңа пойыз енді 2020 жылдың 6 қаңтарына дейін екі аралықта уақытша қатынайтын болады. Алдағы мерекелік қарбаласты ескерсек, халық тығыз қоныстанған бұл аймақта пойыздың жолаушымен толық қамтылатынына күмән жоқ. Пойыз Маңғыстау станциясынан кешкі уақытта шығып, Бейнеу вокзалына таңғы 06:05-те жетеді. Кері бағытта сағат 19:30-да аттанып, 04:10-да келеді.

− Алда Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік, Жаңа жыл мерекелері келе жатыр. Аталған кезеңде Маңғыстау мен Бейнеу аралығында қатынайтын жолаушылардың қарасы қалың болады. Өйткені тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан Бейнеуге адамдар жан-жақтан келеді, Маңғыстаудан да барып келетіндер көп болады. Теміржол көлігі арзан әрі сенімді болғасын көпшілігі соған жүгінеді. Соны ескеріп, халықтың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында екі аралыққа төрт вагоннан тұратын пойызды іске қосып отырмыз. Вагондардың үшеуі плацкарт, біреуі купе. Егер алда сұраныс одан да артып жатса, тағы бір вагон қосамыз деп отырмыз, – дейді жаңалықпен бөліскен «Жолаушылар тасымалы» АҚ Маңғыстау телімі бастығы Батырбек Чилимбаев.

Айта кетерлігі, мұндай пойыз бірінші рет шығарылып тұрған жоқ. Өткен жылы да желтоқсан айындағы мейрамдар қарсаңында қосымша пойыз шығарылған.