Байланыс саласының басымды бағыты

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Аягөздегі ШЧ-30 мекемесінің теміржолшылары ағымдағы жылға жоспарланған шараларды межелі мерзімнен бұрын аяқтады. Нәтижесінде Ақтоғай станциясынан бастап, Аягөз-Жарма-Шар телімдері аралығында жаңартылған қондырғылар қолданысқа беріліп, электромеханиктер еңбегі жеңілдей түскен.

Соның арқасында Айдос Жұлдызбаев жетекшілік ететін белгі беру және байланыс дистанциясында жаңа технологиялардың қолданылу аясы тіптен кеңейе түсті. Дистанция бойынша орын алған соңғы жаңалық – ағымдағы жылға жасалынған кешенді жоспардың 100 пайыз орындалуы болып отыр. Оның ішінде желі бойындағы байланыс құрылғыларын монтаждау жұмыстарына айрықша басымдық берілген болатын. Мәселен, келіп түскен 8 бағдаршам мен жалпы көлемі 3,7 км құрайтын кабель желісі және 150 бірлік аккумуляторлар толықтай ауыстырылып, талапқа сай етілді. Техникалық құрылғыларды жаңалау мақсатында жүргізілген жұмыстар алғашқы қар түскенге дейін толық аяқталды. Мұнымен қоса, Ақтоғай, Аягөз және Шар станцияларында заманауи сандық қондырғылармен бірге МС04DSL мультиплексорлары да жаңадан орнатылған.

Сол тәрізді осы жұмыстардың сыртында инженерлік-техникалық іс-шаралар да өз мәнінде жүзеге асырылған болатын. Толаскездер аясында релелік шкафтар мен жарықдиодты модульдердегі линзалық жиынтықтар ауыстырылды. Әсіресе, СЦБ-С бойынша муфталардың жаңартылуы желі бойындағы жұмысты біршама жеңілдеткен. Осылайша дистанцияға қарасты 350 шақырымдық телім бойы биыл толықтай жаңарып, соны қызметтік сатыға көтерілді.

Кешенді шаралар аясында жүргізілген жаңарту жұмыстарының тиімділігі мол екеніне аягөздік байланысшылар айқын көз жеткізуде. Себебі, Тальго пойызы жүргенге дейін дистанцияда өткен ғасырдың орта шенінде шығарылған құрылғылар пайдаланылған болатын. Тіпті, Түрксіб дәуірінен келе жатқан нысандар мен құралдардың, әуе желілерінің жауын-шашын мен боранды күндері тиімсіздігі байқалатын. Ал осыған дейін Ақтоғайдан Шар станция лары аралығына орнатылған оптикалықталшықты кабельдер және МС-04 PCL сандық құрылғыларын қолдану жұмыстың жүйелі жүргізілуіне оң жағдай жасады.

– Бүгінгі күні Семей магистральдық желі бөлімшесінде байланыс және белгі беру саласында ЭЦ құрылғылары мен аспаптарын ескірген ғимараттардан заманауи жаңа модульдерге ауыстыру ісі де сәтімен жүзеге асырылуда. Қазіргі күні әр станцияда мұндай 4 нысан жұмыс істеп тұр. Сол тәрізді қумажолдар бойындағы КТСМ қосындарын жаңа модульдерге ауыстыру ісі де орын алып, бүгінде 6 нысан қызмет көрсетуде. Бұл жаңашыл жетістіктер ішінде аягөздік байланысшылардың да қомақты үлесі бар, – дейді Аягөз белгі беру және байланыс дистанциясының жетекші инженері Алтай Қабылбаев.

Теміржолшылар әсіресе тұрғын үйлерден бөлек тұратын жаңа модульдерге зор қуаныш білдіруде. Бұл шараның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі біршама сейілді. Қазіргі күні Таңсық пен Үшбиік станцияларындағы қумажолдардағы қозғалысты реттейтін модульдер де жаңартылған. Бүгінгі күні ШЧ-30 мамандары орталықтан жіберілген жеделхаттардағы нұсқаулықтарды орындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Басты талап – желі бойындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал оның аясында алдағы жылға дәл биылғыдай кешенді жоспар қажет. Осы ретте желі бойындағы барлық аға механиктерден қажетті құрылғылар мен жаңарту мақсатындағы материалдардың, жабдықтардың тізімі жасалынып, қажетті қаражаттың көлемі есептелуде.

Осынау қажеттіліктердің барлығы арнайы сараптамадан өткен соң басшылық қарауына жіберілетін болады. Мұндағы басты мақсат қауіпсіздік шараларын күшейтуден бөлек теміржолшылар үшін қажетті жұмыс орнын жабдықтау, қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру үшін де керек.