Үшбұлақ станциясы - шағын болса да шаруасы ширақ

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Тараз қаласының іргесіндегі төртінші класты Үшбұлақ станциясының жұмысы қай кезде де қайнап жатады. Шағын ұжымның тірлігі де тындырымды. Қысқы маусымға дайындығы жоғары болғандықтан, күні кеше станцияны бір күнде басып тастаған қалың қар да жұмысқа еш кедергі келтірген жоқ.

Үшбұлақ станциясының жұмысын ілгерілетіп отырған он бестен аса теміржолшының бесеуі қозғалысқа жауапты болса, алтауы – жолшылар, төртеуі – белгі беру-байланыс электрмеханиктері. «Толыққанды режимде жұмыс істейтін станция шағын болса да жолаушылар пойызын да, жүк пойыздарын да кідіріссіз өткізеді. Алты жолда мұнай өнімдері, сервистік базаның жолына цемент түсіріледі. Ол цементтерден өндірілетін кірпіштер өңірдің құрылыс материалына деген сұранысының ауқымды бөлігін жауып отыр деуге болады», – дейді станция бастығы Ердәулет Төлеков.


Станция бастығының айтуынша, еліміздегі ірі мұнай компанияларының қатарындағы «ҚазМұнайГаз» серіктестерінің бірі «Петроритель» де Үшбұлақ станциясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Жамбыл облысында үлкен көлемде көгілдір отын жөнелтумен айналысатын «Мұхиев» жеке кәсіпкерлігінің өнімдері де осы мекеменің аумағында түсіріледі. «Салижан», «Арай-2006» жеке кәсіпкерліктеріне және әскери бөлімшелерді қажетті отынмен қамтамасыз ететін «Мұнай БК» компаниясына осы станция қызмет етеді. Бір айта кетерлігі, шағын ғана ұжымның жетпіс пайызы жастардан құралған. Жас теміржолшы Данияр Үзембаев жол дистанциясының желілік құрылымында жұмыс істейді.

«Өзімнің ел игілігі үшін жұмыс істеп жүргенімді әркез сезінемін. Өйткені, теміржол арқылы мемлекеттің қазынасы толығатын болса, екіншіден, қаншама жолаушы және жүк пойыздары тасымалданады, діттеген жеріне жетеді. Осындай ауқымды миссияға тамшыдай болса да үлесімді қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Мамандығымызды теориялық тұрғыдан меңгеріп келсек те, өндірістік тәжірибеге келгенде сауатымыздың кемшін соққанын жасырмаймыз. Алайда Үшбұлақ станциясында бұрыннан қызмет ететін аға мамандар бізге білмегенімізді үйретті, нағыз теміржолшы болуға баулыды», – деген жас жігіт ұжымның ардагерлеріне алғысын білдірді.

Айтпақшы, күзгі байқау кезінде Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы Берік Ақшалов жастар ұжымын арнайы грамотамен марапаттапты. Онда өңірдегі бас теміржолшы Үшбұлақ станциясының шаруашылықты қысқы маусымға тыңғылықты дайындағанына ризашылығын жеткізген.

«Мамандардың маусымдық керек-жарақтары, киімдері, аяқ киімдері, қолғаптары уақытымен үлестіріледі. «Қазақстан темір жолы» компаниясы жұмысшылардың барлық жағдайын жасап қойған деп айтуға негіз бар. Алайда, біздегі қызметкерлердің дені жастар дедік қой. Олардың көпшілігі баспана мәселесімен бетпе-бет келіп отырғаны жасырын емес. Егер компания осы жағынан қол ұшын созып, жастар бағдарламасын іске қосса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді

Ердәулет Мырзаханұлы. Үшбұлақ станциясы Тараз станциясынан қашықта емес екенін жоғарыда айттық. Сондықтан ол станция арқылы «ТұлпарТальго» жүрдек пойызымен қатар, Қазақстаннан Ресей Федерациясына, Қырғыз еліне, Өзбекстанға қатынайтын халықаралық пойыздар да өтеді. Сонымен қатар ай сайын әрқайсысы 60 тонналық 208 вагон ашық мұнай өнімдерін қабылдап алады. Сондай-ақ отыз күндікте осындағы кірпіш зауытына 70 тонналық 4 вагон цемент түседі екен, оған бір вагон көмір қосылады. Соңғысы осы аумақты қысқы маусымда жылумен қамтуға жұмсалады. Қысқасы, шағын болса да шаруасы үлкен бекет жастарының тау қопаратын мүмкіндігі бар.