Шағын футболдан турнир өтті

Шалқар темір жол торабы теміржолшыларының осынау тарихи қаланың өсіп-өркендеуінде алар орны бөлек. Қай істе де темірдей тәртіпті ұстанып, ұйымшылдықпен еңбек ететін теміржол шыларда өткенін ұмытпай, ардагерлерін құрмет тұтатын тамаша дәстүр бар.

Соның бірі жуырда өткен, Шалқар қазақ жастары арасынан шыққан алғашқы паровоз, тепловоз машинисі Хамит Есбосыновты еске алуға арналған шағын футболдан өткен ашық турнир. Шалқар темір жол торабы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен спорт бәсекесіне Ақтөбе, Шалқар локомотив жөндеу деполары мен вагон жөндеу депосы сынды жөндеу секторынан бөлек, Шалқар жол дистанциясы, электрмен жабдықтау дистанциясы, белгі беру-байланыс дистанциясы, станция командасы, әскерилендірілген күзет командасы – барлығы 120 спортшы қатысты.

Екі топқа бөлінген командалар ойыны өте тартысты өтіп, кешке дейін жалғасты. Ақтық сынға шыққан 4 командадан Шалқар және Ақтөбе локомотив жөндеу депосының командалары 1-орынға таласып, ойынның негізгі уақытында командалар 3:3 ұпаймен тең түсті. Бірақ жарыс бар жерде жеңіс болуы керек, сондықтан пенальти тебісу әдісін қолдану келісіліп, нәтижесінде Шалқар локомотив жөндеу депосы жеңіске жетті. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткен әскерилендірілген күзет бөлімінің бастығы Жәнібек Жандосов, №2 спорт мектебінің директоры Мұхтар Құлтасбай, Шалқар аудандық спорт бөлімінің бастығы Сұлтан Жұманов жеңімпаз командаларды марапаттады.

Әке жолын жалғастырып ұзақ жылдар теміржол саласында қызмет жасап келе жатқан Құрметті теміржолшы Абужан Есбосынов бастаған тұңғыш машинист Хамит Есбосыновтың балалары мен немерелері шараға демеушілік жасай отырып, локомотив жөндеу депосының ауласына алты қанат үй тігіп, спорттық бәсекеге жиналған жұртшылыққа ас берді.

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демекші, Шалқардан шыққан тұңғыш паровоз машинисі болған азамат туралы тәлім-тәрбиеге толы тағылымды естеліктер айтылып, рухына құран бағышталды. Абужан Хамитұлының бұл ісі көпшілікке ой салып, үлгі боларлық шара болғаны анық.