Апта сайын өткізеді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбедегі магистральдық желі бөлімшесінде өткен он айда жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты 3 жағдай тіркелді.

Оның бірі жыл басында ауа-райының қолайсыздығына байланысты Орал қаласында болған. №613 жолаушылар пойызы ауа-райының қолайсыздығына байланысты жоспарланған уақыттан 1 сағат 20 минутқа кешіккен. Екінші жағдай көктемде Жамансу теміржол желісінің 1726 шақырымында тіркелген. Жолға бөгде адамның шығып кетуіне байланысты апаттық тежеу қолданылған. Ал үшінші жағдай «Ақтөбе2-Ақтөбе1» учаскесінің 1790 шақырымында орын алды. Мұнда да тепловоздың алдынан бөгде адам шығып, машинист төтенше тежеуішті басып, шұғыл тоқтатуға тура келген. Жол ережесін бұзған ер адам қашып кеткен.

Қауіпсіздік қызметінің мамандары осындай жағдайлардың алдын алу үшін апталық түсіндіру жұмыстарын өткізуді әдетке айналдырған. Дегенмен, өз өміріне бейжай қарайтын кейбір тұрғындардың кесірінен теміржол бойында қауіп сейілмей тұр. «Тұрғындарға теміржолды кесіп өту ережелері түсіндіріледі. Жолдың екі жағында елді мекендер шоғырланған өткелдерде тәртіпті күшейту жұмыстары қолға алынып, Ақтөбе станциясында желілік полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер өткізу тұрақты өтеді. Десе де, өз өмірлеріне салғырт қарап,тіпті құлаққап киіп жүретін жүргіншілер жоқ емес. Олар тепловоз дауысын да, сигналды да естімейді», – дейді қауіпсіздік қызметі бөлімінің басшысы Ардақ Рсалин. Сонымен қатар, өңірде пойыздың белгіленген кестеден кешігуіне байланысты 10 жағдай тіркелген. Оның сегізі жолаушылар пойызы болса, екеуі – жүк пойызы. Төрт бірдей жолаушылар пойызының кешігуі электрмен жабдықтау шаруашылығына байланысты болған.