Дәстүрге айналған дәріс

Асел Танатарова

Асел Танатарова

«ҚТЖ-ЖҮК тасымалы» АҚ – Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Боранды станциясының басшылығы мен Әскерилендірілген күзет қызметінің мамандары станция орын тепкен Б.Момышұлы ауылындағы бірнеше орта мектептің оқушыларымен айына екі рет кездесіп, дәріс оқиды.

«Теміржол – қауіпті аймақ» деп аталатын дәріс сабағына бастауыш, орта, жоғары сынып оқушылары түгел тартылады. Кейбір жиындарға ата-аналар да арнайы шақырылады екен. «Себебі, жауапкершілік барлығымызға ортақ. Жол бойына балалармен қоса, малдың да шығып кетпеуін қадағалауды түсіндіреміз. Оның салдары қандай болатындығын да айтамыз», – дейді станция бастығы Махмут Сәрсенбаев.

Боранды бекетінің аумағында төрт білім ошағы орналасқан. Оларда оқитын жүздеген оқушы станция аумағындағы аспалы көпірден өтеді, бірақ «бес саусақ – бірдей емес», кейбіреулері ерініп теміржолды кесіп өтіп жатады. Дәріс оқушылар олардың бұл әрекеті қаншалықты қауіпті екенін сөзбен де, түрлі мысалдармен де айтып жеткізуге тырысады.

Міне, өткен аптада Жуалы ауданы орталығындағы №1 мектеп-гимназиясында, Қонаев атындағы, Герцен атындағы, Мыңбұлақ мектептерінде дәріс оқыған станция бастығы Махмут Сәрсенбаев, майор Шәміл Керімбаев, теміржол шебері Талғат Саурықбаев, дабыл және қауіпсіздік қызметінің бастығы Берік Әбдірайымовтан құралған топ тағы да мектептерді аралап, оқушыларға болат жолдың бойындағы техникалық қауіпсіздікті, жолда жүру ережелерін үйретті.