Зиянді өндіріс өтімі

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүгінде Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша өндірістің зиянды жағдайларында жұмыс істейтін теміржолшылар үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылған.

Бұл ретте НЖС-6 бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежановтың тікелей нұсқауына сай профилактикалық және денсаулықты нығайтуға байланысты шаралар жиі өткізіледі. Соның ішінде залалды факторлар бойынша жұмыс жүргізетін теміржолшыларды сүтпен қамту ісі бірінші кезекте тұр. Биылғы жылдың соңғы 10 айы бойынша аталмыш бағыттағы жұмыстар 100 пайыз орындалған.

Мәселен, бір ғана ПЧ-42 мекемесінде зияндылығы жоғары өндірісте еңбек ететін 60 адам бар. Олардың барлығына ағымдағы жылдың қаңтар айындағы келісім бойынша «АзияСпецСнаб» мекемесі арқылы тегін түрде сүт өнімдері берілуде.

Жол дистанциясы бойынша ағымдағы жылдың 9 айындағы қажетті сүт көлемі 1655 литрді құрапты. Нәтижесінде аталмыш санаттағы теміржолшыларды жоспар бойынша сүтпен қамту толық орындалған. Бұл іс жылдың аяғына дейіне нәтижелі түрде жалғасатын болады. Желтоқсан айының соңғы жұлдызына дейін тағы 271 литр сүт әкелінбек.

Бөлімшедегі мамандардың айтуынша, осы мекеме жолшылары үшін өткен жылдың есепті маусымында жалпы көлемі 1293 литр сүт берілген екен. Биыл бұл шара айтарлықтай жоғарылап отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы еңбекті қорғау саласы инженерлерінің қатаң қадағалауында тұр.