Жүк сақталымы – айрықша бақылауда

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Нұр-Сұлтан қаласында тасымалданатын жүктердің сақталымын қамтамасыз ету, теміржол көлігі нысандарында қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті күшейту, құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы әрекет ету мәселелері қамтылған кеңейтілген кеңес өтті.

Оған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, әскерилендірілген теміржол күзеті, Көліктегі полиция департаменті өкілдері қатысты. Жиында «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан теміржол көлігінде жүк ұрлығының алдын алу бойынша бірқатар шаралардың іске асып жатқаны атап өтілді. Алматы жүк тасымалы бөлімшесінде магистральдық және маневрлік локомотивтерді видеорегистраторлармен жарақтандыру бойынша инвестициялық жоба бекітілді. Бұл жобаны 2020 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар ұрлыққарлықтың алдын алу мақсатында Достық, Ақтоғай, Шу, Арыс, Мақат және басқа да станцияларда бейнебақылау камерасын орнату межеленген.

Алдағы уақытта GPS позициялаудың спутниктік жүйесін пайдалана отырып, тасымалдаушымен, жүк иелерімен және ӘТЖК қызметкерлерімен онлайн режимінде жүктерді қадағалау мониторингімен электронды бекіту-пломбалау құрылғыларын қолдану мәселесі қарастырылуда. Станцияларда жүктерді, вагон бөлшектері мен тораптарын ұрлауды болдырмау мақсатында рейдтер, кенеттен тексерулер жүргізу үшін темір жол көлігі кәсіпорындарының, ӘТЖК қызметкерлері қатарынан жедел топтар құрылса, Достық – Саяқ, Достық – Матай учаскелеріндегі станциялардың парктерінде пойыздарды өткізу тәртібі күшейтілген.

Жазғы жол жұмыстары мен жыл сайын жүргізілетін ауқымды жөндеу түрлерінің нәтижесінде жүк пойыздарының жүріс жылдамдығы артып келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда Қытай-Еуропа бағытындағы үлкен полигондарда Қазақстан аумағы бойынша жылжымалы құрамдарды кідіріссіз өткізу кезінде контейнерлік пойыздардың бағдарлық жылдамдығының тәулігіне 1 104 км-ге дейін немесе 9%ға ұлғайғаны байқалады. Ал Қытайдан Азия елдеріне бағытталған контейнерлік пойыздардың жылдамдығы тәулігіне 1 006 км жетіп отыр, бұл 2018 жылға қарағанда 6%-ға артық.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның барлық бөлімшелерінде құқыққорғау органдарымен бірлескен Алдын алу кеңестері ұйымдастырылды, олардың жұмысы жүктердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталып отыр», – деп хабарлады «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Нұржан Келбұғанов. 

Оның айтуынша, жыл басынан бері өткен жылдың көрсеткіштеріне қарағанда жүктердің сақталмауы жағдайлары біршама төмендеген, сәйкесінше, шығындар сомасы да азайып отыр.

Күн тәртібінде қаралған мәселелерді талқылау барысында жүктерді алып жүру мен күзетке бақылауды күшейту, жол берілген бұзушылық үшін әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігін арттыру, станциялар парктерінде бөгде адамдардың болуына төзбеушілік жағдайын жасау ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша көлік кешенінің барлық нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды одан әрі күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.