Білім бәсекесінде бақ сынады

Өткен аптада елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында V республикалық «Worldskills Kazakhstan-2019» чемпионаты өткен еді. Онда байтақ елден техникалық сала бойынша білім ала жүріп, өндіріске жаңашылдық енгізумен айналысатын өнертапқыш студент жастар жиналған болатын.

Білім бәсекесінде бақ сынағандар қатарында Шығыс Қазақстан облысының командасы да болды және қатысып қана қоймай жеңімпаз атанған еді. Барлық 38 жүлденің 15-ін облыс жастары еншілепті. Оның ішінде 9 алтын медаль болса, 4 күміс және екі қола жүлде бар. Айта кетерлігі сол, осынау байқауда Семейдегі теміржол колледжінің студенттері айрықша белсенділік танытып, жүлде қорының басым бөлігін еншіледі. Бұл болашақ теміржолшылар мерейін үстем етіп, олардың ұстаздарымен қатар шығыстағы теміржолшы ағайындарды да қуантып отыр.

Үздік атанғандар қатарында аталмыш колледждің өнертапқыш студенттері Нұрасыл Әділов – «Мехатроника», Арман Ұзақов – «Электромон- таждау жұмыстары», Темірлан Серікжанұлы «Өнеркәсіптік ав томатика» атты ұсынылымдар бойынша қатарларының алды атанды. Өткен демалыс күні жеңімпаз жастарды дос-жарандарымен бірге аталмыш колледждің басшылығы қошеметпен қарсы алды. Жеңімпаздар келер жылы Австрия мемлекетінде өтетін Еуропа чемпионаты мен Біріккен Араб әмірліктерінде өтетін Азия біріншілігіне қатысуға жолдама алғанын айта кету керек.

– Мұның барлығы оқу орындарындағы кәсіптік-техникалық білім беру мен оқыту жүйесінің модернизациясы негізінде жүзеге асырылуда, – дейді колледждің директоры Азат Сарпеков.

Аталмыш оқу орны бүгінде Семей ЖТ бөлімшесінің ПЧ, ШЧ, ЭЧ және ТЧЭ мекемелері мен станциялар үшін жол, байланыс, электр маманы, машинист және қозғалыс саласының мамандарын дайындауда алдыңғы орында тұр. Оқу орнының студенттері жыл сайын Семей теміржолынан іс-тәжірибеден өтіп, кәсіби тұрғыдан біліктіліктерін шыңдайды.