Бұл - бүгінгі Болашақ станциясы

Болашақ станциясы – ел шетіндегі, Түркіменстан теміржолымен шектесетін станция. Өзен-Түркіменстан шекарасына дейін теміржол тартылып, Парсы шығанағына жол ашқан жоба бүгінде өз жемісін беріп, толыққанды жұмыс істеп тұр деуге барлық негіз бар.

Станция ашылғалы Болашақ арқылы қанша млн тонна жүк шекара асып, Түркіменстан мен Иранға тасымалданып, шын мәнінде әу баста болжанғандай парсы шығанағына жол ашты. Сондай-ақ, сырттан келген жүк те жыл өткен сайын миллиондап көбейіп, жалпы Қазақстанның транзиттен түскен табысын еселеп отыр. Бір ғана биылғы жыл басынан бергі он айда былтырғымен салыстырғанда Болашақ арқылы Түркіменстаннан біздің елге келген пойыз саны 58-ге, тапсырылғаны 9-ға артқан. Жыл соңына дейін бұл сандар тағы да өсе түсіп, өткен жылғы көрсеткішті едәуір басып озады деген болжам бар.

Биылғы жылдың он айында Түркімен еліне 347 пойыз 15 363 вагон 892 783 тонна жүк жөнелтілген. Ал кері бағытта 325 пойыз 14 808 вагон 96 901 тонна жүк тасымалдаған. Өткен жылдың он айында болса, Болашақтан Түркіменстанға 338 пойыз 15 096 вагон 883 188 тонна жүк жіберіліп, ол жақтан бізге 267 пойыз 11 135 вагон 117 856 тонна жүк келген екен. Тоғыз айдың нәтижесіне көз салсақ, биылғы тоғыз айда Түркіменстан теміржолына 285 пойызбен 12 928 вагон 740 269 тонна жүк өткен. Олардан бізге 282 пойызбен 13 034 вагон 84 024 тонна жүк жеткен. Былтырғы тоғыз айда бізден түркімендерге 299 пойыз 442 вагон 775 331 тонна жүк жіберілсе, кері бағытта 226 пойыз 9 021 вагон 109 000 тонна жүк қабылданған. Бұл жерде жылдың үш тоқсанында да келген вагондар саны былтырғы есепті кезеңдегіден көп болып отыр. Болашақтан тапсырылған вагондар көрсеткіші бірдей дерлік. Бірақ қазан айынан бастап станция арқылы Түркімен шекарасын асатын вагондар саны тағы да көбейе түскен. Станция бастығы Мақсат Нұрбековтің айтуынша, егер жүк айналымы осы қарқынмен кете берсе, соңғы үш айдың нәтижесін қосқанда өткен жылғы жоспардан әжептәуір артады деген меже бар.

− Қазір көбінесе бидай тасымалдануда. Негізгі астық өнімдері, ұн Қостанайдан Түркіменстанға, Иранға, арасында Ауғанстанға кетуде. Ресейдің Челябі облысынан газ трубалары Түркіменстанның Ғыпчак, Түркіменбашы станцияларына жеткізіліп, сол жерден газ құбырын тартуға жұмсалып жатыр. Бұл жүктер қазан айында тіпті көбейе түсті. Түркіменстаннан келетін жүктердің басым бөлігі – мұнай коксы Достық-Алашанькоу арқылы Қытай асуда. Сондайақ желім, картоп, краска, матор майлары, жуу пасталары, полиэтилен, құрғақ жемістер, кептірілген жүзім, дезинфекция аппараты, көшіп келіп жатқан қандастарымыздың жүктері және шөлмек ыдыстар да бар. 138 вагон шөлмек ыдыс Маңғыстау станциясына түсірілген. Бұлардан басқа да түрлі жүктер бар, негізгілері осылар, – дейді станция бастығы .

Ал жалпы екі ел арасында тоғыз айда теміржолмен тасымалданған жүктерді жіктейтін болсақ, бидай – 3461, тұқым майы – 316, спирт – 120, газ трубасы – 1022, қара металл – 335, шай – 102, электр құрылғылары – 264, қара металл прокаты – 594, пиломатериал – 183, бидай ұны – 1894, манная крупа –- 63, ауыл шаруашылығы комбайны – 104, комбикорм – 98, картоп – 70, құрылыс өнімдері – 203 вагон өткізілген. Тасымалданатын өнімдердің басым бөлігін құрап отырған бұл жүктерді қабылдап алып, жөнелтумен байланысты барлық жүк операцияларын мүлтіксіз атқарып отырған бүгінгі Болашақты санау пайдалануға берілген алғашқы жылдармен салыстыруға мүлде болмайды. Өскен, дамыған, техникалық мүмкіндігі де жоғарылаған, соған сай теміржолшылардың да тәжірибесі арта түскен бүгінгі Болашақ бұл.