Қарашадағы қарбалас Шалқар станциясы

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе ЖТ бөлімшесіне қарасты Шалқар станциясы үшін қараша айы қарбаласпен басталды. Қалың қар мен бұрқасынға ұласқан табиғаттың тосын мінезі жол қозғалысына едәуір қиындықтар туғызды. Жұдырықтай жұмылған тораптағы барлық теміржолшылардың жаппай қар тазалауға шығуының арқасында оқыс жағдай орын алмады.

Боранды күні станциялықтар мен 50-ге жуық жолшы 24 сағат бойы аяқтарынан тік тұрып кезекшілікке шыққан. ДПМ техникасымен станция аумағы түгел және Шалқар-Сексеуіл, Шалқар-Жем аумақтары тазартылды. Көмекке станциядағы барлық мекемелер келген.

Шалқар станциясы жұмысшыларын қарбаласқа салған күн 2 қарашаның түнінде басталды. Абырой болғанда, боран басталған күні қауіпсіздікке жауапты кезекшілікте станция басшысының өзі болған. «Сол күн сенбіден жексенбіге қараған түн болатын. Ертеңіне күн қатты боран болып, 25 см болатын қар жауды. Станция жұмысы күндіз-түні болғандықтан кезекшілікпен атқарылып, бір сәт те тоқтамайды. Қар мен жел тоқтаусыз соғып, 24 сағат бойы бет қаратпады, боран қатты болды», – дейді станция басшысының орынбасары Бағлан Дауытбаев.

2 қараша күні түнгі сағат 3-те басталған боран 4-і күні таңда бір тоқтаған. Ауа температурасы күрт төмендеп кеткен. Бірнеше бағыттан пойыз қабылдап отырған 103 бағыттамасы бар екінші кластық станция үшін бұл сын сағатымен тең еді. Жолды тазалап, бір пойызды өткізіп жібергеннен кейін бағыттамалардың барлығын қайта тазалап отыруға тура келіп, қанша сағат боран соқса, сонша уақыт күн-түн демей қалың адам станция жолдарын тазалаған.

«Станцияға келетін жолаушылар пойызы көп. Солардың бірде-бірін кестеден кешіктірмей жөнелтіп отырдық. Қазір ауа-райы ашық. Бір қалыпты жұмыс жасап жатырмыз», – дейді ДС орынбасары.