Дәстүрлі спартакиада басталды

Осымен тоғызыншы жыл қатарынан «ҚТЖ» ҰК» АҚ Орталық аппараты және филиалдары мен еншілес ұйымдары арасында Тәуелсіздік күніне орай Спартакиада ойындарын өткізу дәстүрге айналған.

Міне, биыл да басталған сайыс 16 қараша мен 7 желтоқсан аралығында өтіп, теміржолшылар спорттың 5 түрінен өзара жарысқа түспек. Биылғы жарыстарға 25 команда қатысуда. Елордадағы Назарбаев университетінің спорт кешенінде өткен Спартакиаданың ашылу салтанатына әріптестерге қолдау білдіруге «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Серік Әбденов, «Қазпрофтранс» ҚБ директоры Оразғали Ахметбаев келді. Ашылу рәсіміне қатысып, командаларға сәттілік тіледі. Спартакиаданың тұсаукесерін волейбол ойынымен бастаған 21 команда аталған жарыста өте таласты да тартысты ойын көрсетті.


– Барлық командалар 7 ішкі топқа бөлінді. Бастапқы жарыстарда әрбір ішкі топта ойындар шеңбер бойынша өтті. Сол ішкі топтарда екі команда үшінші орын алды. Осы топтарда 1-2 орын алғандар әрі қарай басты жүлде үшін таласты. Ойын өте қызықты өтті деп ойлаймын. Сарапшының көз алдында өткен жарыстың нәтижесінде бірінші орынды волейболдан өте шебер ойын көрсеткен «Қамқор-менеджмент» ЖШС алды. Бұл командада көптен келе жатқан, біршама халықаралық жарыстарда жүлделер алып жүрген мықты ойыншылар көп. Екінші орынды «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының командасы иеленді. Үшінші орын Корпоративтік орталыққа берілді. Бірінші күннің қорытындысы осындай, – деп мәлімет берді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Адами ресурстарды басқару департаментінің менеджері Ольга Липчанская.


Келесі ойын түрлері – үстел теннисі бойынша жарыс 23 қарашада Теннис орталығында, одан кейін шахматтан 24 қарашада «Астана» орталық шахмат клубында, шағын футболдан 30 қарашада осы университеттің спорт кешенінде, ал 7 желтоқсанда баскетболдан «ҚМГ» ҰК» АҚ спорт залында өтпек. Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Ақмарал Байғабылованың айтуынша, биылғы Спартакиаданың ерекшелігі – жарыстың осындай беделді оқу орнының қабырғасында өтуі және көптеген қызметкерлердің отбасыларының жарысқа жанкүйер ретінде көптеп келіп қатысуында. Жалпы спорт саласына ерекше мән беретін ұлттық компанияда қызметкерлердің де осындай жарыстарға қатысуға белсенділіктері жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады.