Жол сапасын арттырды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуы көп жағдайда темір жолдың техникалық жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан Магистральдық желі дирекциясына қарасты Жол және құрылыстар департаменті темір табанды жолдың бабында болуын қадағалап, диагностикалау жұмыстарын айына екі рет жүргізіп отырады.

Биылғы жылдың он айының жұмыс қорытындысы жол шаруашылығы бойынша орташа балдық бағалау 69 баллды құрағанын көрсетеді. Бұл жол жағдайының «жақсы» деп бағаланып, сапалы күтім жасалғанын білдіреді, жоспардың орындалуы 107% құраған. Барлығы 44 жол дистанциясы арасынан 33інің жол күтімін «жақсы», ал қалған 11-інің «қанағаттанарлық» деңгейінде ұстағаны белгілі болды.

Мамандар ұсынған дерекке сүйенсек, биыл 10 ай ішінде жолдарды диагностикалау барысында 1926 км қанағаттанарлықсыз жол анықталса, былтыр бұл 1513 км құраған. Жолдың техникалық жағдайын жақсарту көп жағдайда жазғы жол жұмыстары барысында жүзеге асатыны рас. Мәселен, биыл жол техникаларын пайдалану арқылы жолдың ағымдық күтімін жасауда ауқымды жұмыс атқарылған. Атап айтсақ, 13 бірлік DUOMATIC 09-32 САТ түзету-шегелеу-тегістеу машинасын жұмылдыра отырып, 3500 км жол жұмыстары жүргізілсе, РМ-80, РМ-2002 шағыл тастарды тазалаушы машинасымен рельстішпал торкөздері астындағы шағыл тастар тереңірек тазартылған. Биылға межеленген көлем 275 км болса, 10 ай ішінде соның 272 шақырымы орындалған. Сонымен қатар рельсажарлаушы Атлас 48/6,48/7 пойыздарымен есепті мерзім ішінде 3538 шақырым рельстің кедір-бұдыры түзетіліп-тегістелген. Алда 262 км рельстің ажарын келтіріп, әрлеу жұмысы қалып отыр. Ал Балашенко жүйесіндегі ПРБ типіндегі жол түзеткіш машиналарымен 967 км түзу және қисық жол телімдерінде жолды түзету жұмыстары жүргізіліпті. UNIMAT жол машиналарымен 1000 бағыттағыш бұрманы түзету және тегістеу жұмыстары жүргізілсе, осыған ұқсас шаруалар ВПРС техникаларымен 101 бағыттағыш бұрмада атқарылған. Ал Desek машинасымен 264 бағыттағыш бұрмада сауықтыру шаралары өткізіліпті.

Тиімді ұйымдастырылған жолды сауықтыру жұмыстары нәтижесінде жүк пойыздарының жылдамдығын 560,8 шақырымда арттыруға қол жеткізілген. Оның 372,5 шақырымы күрделі жөндеу жұмыстарының жемісті нәтижесі болып отыр. 58,7 км жолда электропойыздар жылдамдығы арттырылса, контейнерлік пойыздар үшін 1738 км шамасында жылдамдық көтерілген. Сондай-ақ, «Тальго» вагонды жолаушы пойыздары 527,3 км, ал жай жолаушы пойыздары 932,3 км жолда жылдам жүйтки алады екен.