Бір атаның балалары футбол ойнайды

8-10 қараша күндері Тараз қаласының «Тараз-Арена» спорт сарайында шағын футболдан дәстүрлі «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты отбасылық командалар арасындағы жарыс болып өтті. Жарыс Жамбыл облысының 80 жылдығына арналды.

Аталған жарыстың мақсаты мен міндеті – әрбір отбасыда спортты насихаттап, шағын футболдағы команда арқылы бірлік, әулетке құрмет пен елдікке тәрбиелеу, отбасында саламатты өмір салтын орнықтыру, болашақ ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыру, татулыққа баулу, отбасылар арасында достықты нығайту.

Жарысқа еліміздің барлық аумақтарынан жанұялық командалар келіп қатысты. Команда құрамына шек жоқ. Тек ойыншылардың тегі бірдей болуы керек, яғни атасы, баласы, немересі, шөбересі, т.с.с. Қатысушылардың жас мөлшері 10 жастан жоғары болуы тиіс.

Жарыс бекітілген ережеге сай он минуттық екі таймнан өткізілді. 1-кезеңде – командалар топтарға бөлініп, айналма жүйемен ойнаса, 2-кезеңде – әр топтан шыққан үздік екі команда олимпиадалық жүйе бойынша жарысты жалғастырды.

Сонымен, жарысқа еліміздің түкпіртүкпірінен 33 команда жиналды. Шымкент теміржолы бөлімшесі атынан әдеттегідей диспетчерлік орталықтың электромеханигі Панзарбек Жаңабевтың отбасы қатысты. Бұл жолы да Жаңабаевтар әулеті белсенді ойын көрсетіп, жарысқа қатысып жатқан 33 команда арасынан алғашқы ондықтың қатарынан көрінді. Панзарбектің айтуынша, аталған әулет жыл сайын жүлделі орынға қол жеткізсе де, жеткізбесе де саламатты өмір салтын ұстанып, әулеттің бірлігі мен тұтастығын үлгі етуден танбай келеді.