Мобильді диагностикалық кешен – сапа кепілі

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басымдық беретін негізгі міндет – пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін және халықаралық бағдардағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту. Осыған орай биыл мамыр айынан бастап Ұлттық компанияда АСУ «Магистраль» шеңберінде енгізілген «Мобильді диагностикалық кешендер» KTZ.10.02.Р жобасы қандай тиімділік беруде?

Еңбек өнімділігін арттырып, қауіпсіздік пен сенімділікті күшейтуге бағытталған жоба іске қосылғалы бергі жұмыстар туралы өткен аптада ұлттық компанияда ұйымдастырылған ақпараттық күнде «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов пен «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Бауыржан Орынбасаров мәлімдеді.

Мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына енгізілген бұл жобаның кураторы Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, биыл енгізілген 4 МДК-нің жұмысы бойынша алғашқы нәтижелер бар. Жаңа мобильді диагностикалық кешен – жетілдірілген және жаңғыртылған түрі бойынша бақылаудың жұмыс жылдамдығын 90 км/сағатқа дейін арттыра отырып, бір көлік құралында түрлі мақсаттарда орналастырылған диагностикалық кешен.

– Ең бастысы, біздің ақаутапқыш мамандар қауіпті аймақта жұмыс істеу тәуекелінен құтылды. Жыл сайын түрлі жағдайда жарақат алу фактілері болып жатады, себебі ондай мамандар жұмыс істейтін жерлер аса қауіпті. Сондықтан осындай диагностикалық кешендерді енгізу жер төсеміне, рельске қатысты барлық кемшіліктерді, осал тұстарды қиындықсыз анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әлсіз жерлерді алдын ала анықтап, профилактикалық жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік береді, – деді Қ.Әлмағамбетов.

Бұл жүйе сонымен қатар күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған телімдерді тексеріп, қай нүктеге баса назар аударту керектігін анықтап береді. Кешен іске қосылғалы бері анықталған талдау нәтижелері анықталған кемшіліктердің қайталануы, олардың себептері қандай болуы мүмкін екендігін көрсетіп берген. Мүмкін жолдың құрамдас бір бөлігін ауыстыру керек шығар, әлде технологиялық сипатта кемшіліктер бар ма? Немесе бекітпелердің тозығы жеткен бе? Болмаса теміржолшылардың салғырттығы себеп болды ма? Мобильді кешен соның бәрін әр адамның соңынан жүрмей-ақ анықтап береді. Б.Орынбасаров аталған жоба бойынша теміржолшылар бүгінде 3 бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Біріншісі, заңдық тұрғысы, яғни нормативтік-техникалық құжаттама жұмыстары, солардың негізінде диагностикалау, мониторинг жүргізу жүйесінің қызметі жүзеге асырылады.

– Бұл біз үшін жаңа жоба, сондықтан құжаттама бойынша көрші Ресей теміржолына барып тәжірибе алмасып, олардың бұл жобаны қалай жүзеге асырып жатқанына куә болуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Екінші бағыты – диагностиканың инструментальді базасы. Ол нысандардың жағдайына керекті көлемде тікелей бақылау жасайтын көпфункционалды мобильді құрал. Үшінші бағыт – ақпараттық талдаудың ішкі жүйесі, жинақтау, дәйектілікті қадағалау, барлық жөндеу түрлері бойынша жоспарлауға қажет терең талдау. Сонымен алғашқы нәтижелер туралы айтар болсақ, 3 МДК жұмысының қорытындысында биыл 2 мамырдан бастап 73 мың км жол тексерілген. Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша 1699 км жолға қанағаттанарлық емес баға берілген, соның 369 шақырымында пойыздар қозғалысы жабылған. Нормативтен тыс түйіспе саңылаулар 158 жерден табылса, онда да қозғалыс тоқтатылған. Сонымен қатар 217 өткір ақаулы рельс анықталып отыр. Тағы бір айта кетерлігі – 3Д сканерлеудің нәтижесінде 229 габаритті емес жер анықталған. Оған қоса 17106 метр жолда осьтер арасында 95 габаритті емес қашықтықтары бар телімдер табылған.

– Келесі жылдан бастап МДК телімдерге бекітіп, айына екі реттен жолға кешенді диагностика жүргізу жоспарланып отыр. Осы кешен жұмысының нәтижесінде жол жағдайының өзгеруіне мониторинг жүргізіліп, өткізілетін түрлі жөндеу жұмыстары бағаланады. Сондықтан МДК мәліметтерін негізге ала отырып, басымдық беретін міндеттеріңізді дұрыс құруға, қысқамерзімді және перспективалы жөндеуді жоспарлау үшін жұмыс көлемін дұрыс бөлуге, темір жолдың тұрақты жұмысты қамтамасыз ету үшін жөндеу жұмыстарының технологиясын сақтауға шақырамын, – деді Б.Орынбасаров.

Аталған жоба шеңберінде жол шаруашылығының жаңа бір жүйесіне көшу көзделіп отыр. МДК жүйесін пайдалану арқылы қос жолды алмалы-салмалы ақаутапқыштар жұмысының көлемі азайтылмақ. Осылайша, алдағы үш жыл ішінде ақаутапқыш арбалар операторларының штатын кезең-кезеңімен оңтайландыру жоспарланып отыр екен. Шараға қатысқан компанияның «Жолды диагностикалау орталығы» филиалы директоры Аслан Акашевтің айтуынша, аталған жоба аясында мамандар дайындау мақсатында биыл 21-25 қазан аралығында 48 адам оқытылған. Қараша айында тағы 50 адамды оқыту көзделуде. Алдағы уақытта жолдың іс жүзіндегі жағдайы бойынша жөндеуге көшу үшін МДК және оқытылған мамандар арқасында 5 кезеңнен тұратын жұмыс жүргізу көзделуде. Бірінші кезең – жылдың соңына дейін кешеннің тағы үшеуін іске қосу және барлығы 7 кешен арқылы айына екі рет кешенді диагностика жүргізу. Екіншісі – ағымдағы нормативтіктехникалық құжаттарға өзгерістер енгізу. Үшінші кезең – рельстер мен маякты шпалдардың, қисық жол телімдерін, шақырымдық белгілердің техникалық жағдайын паспорттауды енгізу көзделуде. Бұл телімдерде жолдың нақты техникалық сипаттамасы мен ұзақтығын анықтау үшін керек. Төртінші кезеңде 2021 жыл бойынша жолдың нақты іс жүзіндегі жағдайынан жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлау үшін мониторинг жүргізіп, мәліметтер жинақтау. Соңғы кезеңде 2023 жылдан бастап жолдың нақты жағдайы туралы мәліметтер жиналып, жөндеу жұмыстарының керекті көлемін жоспарлау мүмкіндігі туады деп жоспарланған.