Отбасылық сайыста сынға түсті

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда семейлік теміржолшылар арасында дәстүрге айналған «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорттық сайыс болып өтті. Бұл жолғы жарысқа 24 адамнан құралған 8 жанұя қатысып, шеберліктерін ортаға салып, өзара бәсекеге түсті.

Сайысқа қатысушылар негізгі үш командаға бөлінген болатын. Атап айтсақ, Семей және Жаңа-Семей станциясының қызметкерлерінен тұратын «Ну, погоди!», Семей магистральдық желі бөлімшесіне қарасты барлық мекемелер қызметкерлерінен тұратын «Жебе» және Семей локомотив пайдалану депосы мен ӘТЖК филиалы өкілдерінен құралған «Қыран» командалары жарыс жолына шықты.

Жарыс алдында барлық мекемелердің кәсіподақ төрағалары құттықтау лебіз білдіріп, қатысушы отбасыларға жарыс жолында сәттілік тіледі. Ал командалар өз ұрансөздерін айтып, команда құрамымен таныстырып, бір-біріне жалынды сәлем жолдады. Ілешала жарыс басталып кетті.

Отбасылық сайыс мейлінше тартысты өрбіп, жанкүйерлер қиқуына толы болды. Әсіресе, қозғалысшылардан тұратын «Ну погоди!» командасы мен НЖС-6 мекемесі өкілдерінің «Жебе» командалары арасында шиеленісті сәттер өте көп болды. Дегенмен, 9 кезеңнен тұратын ойын барысында бір озып, бір қалып, ұпай санын сан өзгерткен командалар арасынан кімнің жеңімпаз болатыны соңғы турға дейін белгісіз болып келді.

Дегенмен, жүйріктен жүйрік озар жарысқанда демекші, қозғалыс саласы теміржолшылары отбасыларынан құралған команда өзгелерден 1 ұпай санымен алға шығып, жеңімпаз атанды. Екінші орынға «Жебе» командасы тұрақтаса, жүлделі үшінші орын «Қыран» командасының қатысушыларына бұйырды.

– Сайыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Барлық командалар даярлықтарының жоғары екендігін көрсете білді. Әке де, шеше де, бала да спортпен айналысатын талай отбасыны кездестіріп, көңіліміз толды. Бұл – бұқаралық спортты дамытудың жарқын мысалы. Жалпы, тек жеңімпаздар емес, белсенділік танытқан теміржолшылардың барлығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді сайысты ұйымдастырушы Семей ЖТ бөлімшесінің спорт нұсқаушысы Наталья Мешкова.

Сайыс соңында барлық командаларға арнайы бағалы сыйлықтар тарту етіліп, белсенді қатысушылар дипломдармен марапатталды.