Теміржолсу: су да, жылу бар

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Қыс – қыр астында. Теміржолшылар да қатал маусымның сынағынан сүрінбей өтуге жасаған қамданыстарын қайтақайта пысықтап, дайындықтарын күшейте түскен. Бұл уақытта еліміздің 267 теміржол пунктінде орналасқан темір жол станциялары мен разъездеріне сумен, жылумен қамтамасыз ету және кәріздендіру қызметтерін көрсететін «Теміржолсу» АҚ мен оның еншілес 12 ұйымының қым-қуыт тірлігі қызып, жауапкершілігі еселене түскен. 

«Теміржолсу» АҚ басшысы Түсіпбек Қойшығұл мекеменің қысқа әзірлігі жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді.

– Біз теміржолдың станциялары мен разъездерін сумен және жылумен жабдықтап қана қоймаймыз, бұдан бөлек 395 станция мен разъезде орналасқан ұлттық компанияның филиалы – Магистральдық желі дирекциясының сумен, жылумен жабықтау және су тарту объектілеріне техникалық қызмет көрсетеміз. «Теміржолсу» АҚ кадрлары мен қазандық шаруашылықтарын қыс маусымына дайындау туралы бұйрыққа сәйкес, бекітілген кестеге сай біраз жұмыс атқарылды. Мәселен, жылу жүйелері мен қазандықтар гидравликалық сынақтан өтіп, тазартылып жуылды. Тұтынушылармен нысандардың ішкі жылыту жүйелерінің дайындығы бойынша жұмыс жүргізілді. Барлық қазандық шаруашылықтарында жабдықтардың тозу деңгейіне қарай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылу трассаларының жылу оқшаулағыштары анағұрлым жетілдірілген оқшаулағыш материалдарымен алмастырылды, бұл өз кезегінде жылу трассалары арқылы жылуды тасымалдау барысында олардың жоғалуын азайтады. Сонымен қатар техникалық қажеттіліктерге арналған отынды жеткізу үшін келісімшарттар жасалып, олардың негізінде 45 тәуліктік қорды сақтай отырып, көмір, мазут, газ жеткізіліп жатыр. Қазіргі күні көмір қоры 5 922 тоннаны, ал мазут 645 тоннаны құрап отыр. Бүгінде қазандықтан толық іске қосылған. Кадрларды қыс маусымында жұмыс істеуге дайындау мәселесіне келсек, бүгінде 86 «алғаш қыстаушы» қатал маусымда қауіпсіз жұмыс істеу сабақтарынан өткен. Жұмыс персоналы арнайы киім және аяқ киімдермен қамтамасыз етіліп отыр. Реті келгенде, биыл Достық станциясындағы 79 тұрғын үйді жылу беру маусымына дайындау кезінде, жылу жүйелерін тазалап жуу бірінші рет химиялық реагенттерді пайдалана отырып өткізілгенін айтар едім, – дейді «Теміржол су» АҚ басқарма бас директоры Қойшығұл Қуанышбекұлы.

Сумен жабдықтау нысандарын 2019-2020 жылдардың қыс маусымына дайындау барысында да біраз жұмыстың басы қайырылыпты. Айталық, 193 су сорғы стансасы, 138 су айдайтын мұнара, 817, 186 шақырым су өткізетін желі, 59 кәріз сорғы стансасы, 50 нысандағы қазандықтар, 441 ілмекті арматура дайындалып, 49,413 шақырым жылу трассасы гидравликалық сынақтан өтіп тазаланған. Сондай-ақ, 1 қазан алмастырылып, 30 нысан ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті және де қызметкерлерге 12087 жиынтық арнайы киім сатып алынған.

– Өздеріңіз білесіздер, биыл жазда Арыста төтенше оқиға болып, соның салдарынан ғимараттар, теміржол нысандарына да зақым келген еді. Біз шілденің 9-ы мен тамыздың 9-ы аралығында «Теміржол су» АҚ еншілес ұйымдарының күшімен Арыс қаласының аумағында болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою мақсатында Ұлттық компанияның 61 нысанын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргіздік. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында жалпы сомасы 525,5 млн теңгені құрайтын қаржы жұмсалды. Қалпына келтірілген нысандардың 56-сы Магистральдық желі дирекциясына қарасты болса, қалған 5 нысан Жүк тасымалына тиесілі. Қалпына келтіру жұмыстарына 120 адам және 16 арнайы техника жұмылдырылды, – деп атап өтті Қоғам басшысы назардағы қаланы қалпына келтіруге қандай үлестер қосқандарынан хабардар етіп.

2019 жылға арналған күрделі салым жоспары 469 млн теңгені құраса, соның ішінде «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы бойынша 312 млн теңге игерілген. Елдің игілігіне арналған Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 489 теміржол станциясы мен разъезіндегі кәріздендіру және сумен жабдықтаудың 795 нысанына күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Айталық, 540,558 шақырымдық су тарту желісі, 26,48 шақырымдық кәріздендіру желісі, 56 су айдаушы мұнара, 71 су айдаушы сорғы стансасы, 20 кәріздік сорғы стансасы жөнделіп, қалпына келтірілген.