Тараздың іргесіндегі Талас

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Тараз қаласының іргесіндегі станциялардың бірі – Талас. Небәрі 17 теміржолшы еңбек етіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған үшінші класты шағын бекет.

Станция басшысы Омар Оразбақов бүгінде қысқа дайындық толық аяқталып, мекемелерге жылу беру басталып кеткенін, ал жұмысшылар арнайы қыстық киіммен қамтамасыз етілгенін айтады. – Негізгі жұмысымыз Тараз қант зауытымен байланысты. Зауытқа Бразилиядан Ресей порттары арқылы ай сайын 300-400-ге жуық вагон қант қоспалары келеді. Іргеміздегі Шымкент қаласынан Састөбе станциясы арқылы қант құрамын ағартатын әктастарды қабылдап алып, жөнелтеміз. Бұл бір айда

30 вагонға жуықтайды, – деген Омар Искандерұлы Тараз қант зауытының өз локомативі, вагондары және оған қызмет көрсететін жұмысшылары бар екенін жеткізді. Қазіргі таңда Тараз қант зауыты Талас станциясы арқылы жан-жаққа ай сайын 300-350 вагон қант қызылшасын жіберіп отыр екен. Станцияның жұмысы қант зауытының жұмысымен шектелмейді. Тараз қаласында орналасқан әскери бөлімдер де Талас станциясымен тығыз қарымқатынаста жұмыс істейді. Жыл он екі ай «Отар», «Мәдібұлақ», «Шілбастау» полигондарында өтетін әскери оқу-жаттығу жиындарына қажетті техникалардың барлығы осы станция арқылы жеткізіліп, жөнелтіледі.

– Биыл Ресей Федерациясының құрамындағы Якутия елінің әскери қызметшілері келіп, біздің өңірдегі полигонда жаттығу шараларын өткізді. Оның да әскери ауыр техникаларын жеткізуге біздің теміржолшылар белсене атсалысты. Одан бөлек, жекелеген кәсіпкерлер Талас станциясының көмегіне көп жүгінеді. «Байзақ Тараз» ЖШС өнімдерін біздің станция арқылы тасымалдаса, Ресейден келетін қағаз өнімдері, ұн, өзге де тауарларды транзитпен өткізіп жатамыз», – дейді станция басшысы.

Шағын станцияның іші-сырты көз тартарлықтай жинақы. Ғимаратқа соңғы үлгідегі еврожөндеу жұмыстары жүргізілген. Теміржолшы-қызметкерлер отыратын кеңселер жып-жылы, барлық талапқа сай жабдықталған. Тірлігі таптұйнақтай Таластың қыстан қысылмай шығары анық. 

подписка на казахском