Кәсіподақтың үлесі қомақты

Теміржолшылардың бастауыш кәсіподақ ұйымы іргелі істердің ұйтқысы болып, көңіл тоғайтатын шаруаларға бастама жасап келеді. Жамбыл бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораевтың айтуынша, олар Жамбыл жол бөлімшесінің техникалықматериалдық ахуалының жақсаруына елеулі үлес қосуда.

Жақында ғана саладағы маңызды науқандардың бірі – күзгі бақылау шараларының аяқталғаны белгілі. Рас, станция мен деполарда біршама кемкетіктер мен олқылықтар анықталғанымен, негізінен Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты мекемелер қысқы маусымға толық дайын болып шыққан.

«Осы науқан барысында станциялардың 60-70 пайызға жуығының терезелері 40-50 жыл бұрынғы ескі, ағаш терезелер екенін көріп, кәсіподақтың тарапынан осы терезелерді жаңғыртуды, жаңартуды қолға алдық. Алдымен солтүстік аймаққа жақын, ауа-райы суық болып келетін Шығанақ, Сарышаған станцияларының терезелерін пластик материалымен жасалған, соңғы үлгідегі терезеге ауыстырдық», – дейді кәсіподақ төрағасы Серік Әбілдаұлы.

Сонымен қатар Жастар, Жиделі станцияларының да терезелері жаңартылып, ғимараттардың ажары ашылып қалған. Енді Табақбұлақ станциясының терезелерін ауыстыру көзделуде екен.

«Теміржолға қарасты мекемелердің дені көмір отынын пайдаланатын қазандықтармен жұмыс істеп келгені белгілі. Соңғы он шақты жылдың бедерінде мұндай қазандықтар электрлік қондырғыларға ауыстырылып, уақыт талабына сай жаңарып жатыр. Осы игілікті іске біз де қол ұшын созуды жөн көріп, кәсіподақ ұйымының қаржысымен бірнеше станцияның көмір отынымен жанатын қазандықтарын электрлік жүйеге көшірдік», – дейді ұйымның төрағасы.

Сонымен қатар, кәсіподақ қаражатымен Сарышаған станциясының техникалық базасына да жаңғырту шаралары жүргізілген. Мәселен, депо қызметкерлері, машинистер тынығатын бөлменің кір жуғыш машинасы, өзге де тұрмыстық заттары жаңартылған.