Маңғыстаудағы қауіпсіздік айлығы

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде қозғалыс қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған тағы бір айлық басталды. Осы жылдың 1 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында өткізіліп отырған бұл айлық «Тыйым салынған белгіден өту – қылмыс» деп аталады.

Маңғыстау ЖТ бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітовтің айтуынша, айлық шараның өтетіндігі туралы қозғалыс қауіпсіздігі бойынша барлық қызметкерлер хабардар етілді. Жол бойларына, қызметтік жолдарға аншлагтар ілінді. Шара жоспары жасалып, бекітілді.

Аталған уақыт ішінде станциялар мен депоның командалық-инструкторлық құрамы басшыларының, жылдамдық өлшеуіш таспаны түсіндіру бойынша инженерлердің, нарядшылар мен локомотив бригадаларының қызметтік міндеттерін орындауын мақсатты тексеру жоспарлануда. Бұл ретте депо мен станция басшыларының өздері жылдамдық өлшеуіш таспалар нәтижелері бойынша пойыздарды жүргізу сапасын, қызметтік өзара сөйлесулер тәртібін сақтауды, автотежегіштер мен радиостанциялар жұмысының жарамдылығын, сонымен қатар персоналдың сапалы жұмыс істеуін тексерулері керек.

Е. Бүркітовтің мәлімдеуінше, айлық өңірдегі қозғалыс қауіпсіздігінің ағымдағы жағдайын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп жоспарлануда.