Жаңа жоба таныстырылуда

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

ҚТЖ компаниясы қызметкерлері келер жылды жаңа жобамен бастайды. Он жылға арналған стратегия. Зейнетке кімдер ерте шыға алады және оны алудың жолдары қандай? Адами ресурстарды басқару департаменті мамандары аймақтарды аралап, теміржолшыларға жаңа жоба жөнінде түсінік беруде.

Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Ақмарал Байғабылова бастаған мамандар ақтөбелік теміржолшылармен кездесіп, келесі жылы іске қосылатын жаңа жобамен таныстырды. Ақмарал Байғабылова 2019-2020 жылдардағы компанияның даму стратегиясы мен қазіргі жағдайын жан-жақты әңгімелеп берді.

Маман бүгінгі таңда Ұлттық компанияның миллиардтаған қарызы бары жасырын емес екенін ашық айтты. Оның себеп-салдарына да тоқталды.

«2010-2012 жылдары несиелер тек шетел валютасымен алынды. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үкімет бізден жаңа теміржол бағыттарын, жаңа объектілер салуды тапсырды. 2012-2015 жылдары елдегі теңгенің құнсыздануы компанияға да кері әсер етті. Сондықтан, тығырықтан шығудың жолын іздеген компания мамандары ұсынып отырған жаңа жобаны сіздерге түсіндіріп, бүгінгі ахуалмен таныстыру – біздің міндетіміз», – деген Ақмарал Жарасқызы осындай проблемалар мен оларды шешу жолдарын қарастыратын он жылға арналған стратегия жасалғанын жеткізді.

«Ол бес мақсаттан тұрады. Ең біріншісі, 2023 жылға дейін компанияны қаржылық қиындықтан алып шығу. Қазіргі таңда топ менеджерлер осы мәселемен айналысып жатыр. Екінші, компанияның тиімділігін көтеру. Үшінші, біздің тұтынушыларымыздың компанияға деген көзқарасын жақсарту. Төртіншіден, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бесінші, жемқорлықпен күрес жұмыстарын белсендендіру. Теміржолға ақша беріп жұмысқа кіру деген түсініктен арылуымыз керек, оған әрбір теміржолшы атсалысып, жемқорлық фактісіне куә болған жағдайда міндетті түрде хабарлап, жолын кесуге ұмтылуы керек. Компания беделін көтеруді әркім өзінен бастауы керек, – деді эйчар маманы.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» өндірістегі жазатайым бақытсыз оқиғалардың алдын алу, оны болдырмау үшін кадр мәселесін қайта қарауды ұсынып отыр екен. Қызметкерлердің сандық және сапалық құрылымына іріктеу жасауды ұсынады. Яғни, әрбір қызметкер өз ісінің шебері болуы керек.

Маман алдағы уақытта қысқарту болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Қызметкерлерге қиындық туғызбас үшін біршама жоспарлар іске қосылатынын да жеткізді. Мысалы, зейнетке ерте шығу бағдарламасы жасалып, ережесі бекітілген. Жасы зейнет жасына 5 жыл қалған маман оған үміткер бола алады екен. Маман оны рәсімдеу жолдары мен алу тәртібі туралы жан-жақты толық ақпарат берді.