Кәсіби жаттығу сабағы

Өткен аптада Арыс-1 станциясы вокзалында Арыс қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мен НОРП-28 Өрт сөндіру пойызының ұйымдастыруымен «Вокзал ғимаратындағы өртті сөндіру және адамдарды көшіру» тақырыбында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы болып өтті.

Оқу-жаттығудың мақсаты – нысаннан шыққан өрттің алдын алу және өртті тез арада сөндіріп, ғимараттың ішінен қызметкерлер мен жолаушыларды қауіпсіз жерге жедел көшіруді ұйымдастыру, өрт кезінде дұрыс шешім қабылдауды пысықтау.

Сонымен, жаңартылып жөндеу жүргізілген вокзалда өрттен қалай сақтану керектігі туралы алғышарттар көрсетілді. Алдымен вокзалдың күту залындағы электр желісінен шартты түрде от шығып, ғимарат қою түтін мен өртке оранады. Өртті сөндіруге НОРП-28 өрт сөндіру пойызы, ауданның №7 шұғыл жасағы, қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі, теміржолдың ШЧ-38, ПЧ-54, ӘТЖК, ВЧДЭ-30, ВП-38, ЭЧ-24, ДС, ТЧЭ-32, Вокзал-1 ұжымдары жұмылдырылды.

Өрт хабары жетісімен Шымкент ЖТ бөлімшесінің директоры Е.Ерманов станция операторына өрт сөндіру пойызын жөнелтуге жедел бұйрық берді. Арыс станциясының ұйымдастыруымен өрт сөндіру пойызы мен аудандық өрт сөндірудің №7 шұғыл жасағы жедел жетіп келді. ТЭМ2-6846 тепловозы вокзалға келіп жеткен бойда өрт сөндіруге маманданған арнайы пойыз жасағы жұмысқа кірісті. Сауатты да жылдам қимылдаған олар қызыл жалынның таралуына жол бермей тез сөндіріп, екінші топ ғимараттағы адамдарды эвакуациялады.

Айта кетейік, өрт сөндіру оқу-жаттығуына 177 адам, 4 бірлік техника тартылды.

«ҚТЖ-ЖТ» АҚ – «Шымкент ЖТ бөлімшесі» филиалы мен Түркістан облыстық ТЖД арасында 4-ші тоқсанға жоспарланған оқу шарасы осылай өз деңгейінде өтіп, Арыс теміржолы вокзалында өткен іс-шара қанағаттанарлық деп қорытындыланды. Өз кезегінде басшылық құрылымдардың кәсібилігін, жеделдігін атап өтті», – деді ҚТЖ Шымкент қалалық қалпына келтіру және өртке қарсы қызметінің Арыс станциясы инспекторы Ізбасар Назаров.