Байланыс құрылғылары бабында

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының теміржолшылары Жосалы мен Түркістан станциялары арасында қолданыстағы СОБ, байланыс, пойыздық радиобайланыс, АЛСН, УКСПС, КГУ және КТСМ құрылғыларының жұмысында ақау жібермей, жылдың үш тоқсанын жақсы нәтижемен қорытындылады. 

Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтап, телімдерден кідіріссіз өтуіне жағдай жасай білген дистанциялықтар жыл соңына дейін ескірген байланыс құрылғыларын жаңартып, ескісін жөндеп, жамапжасқап, қысқы жұмысқа мейлінше дайындық жасауда. Жыл басынан бергі тоғыз айда тосын жағдайлардың орын алуына жол бермеген. Байланыс құрылғылардың іркіліссіз және қалыпты жұмыс жасауын бақылап, дистанция телімдерінен өткізілетін жылжымалы құрамдардың жүру кестесінен ауытқымауын басты назарда ұстаған. Дистанциялықтардың атқарған жұмыстары жайлы мәлімет ұсынған техникалық бөлім инженері Нұрлан Жүсіпбаев жыл басынан бергі кезеңде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жол берілмегенін жеткізді. Пойыздар кестеден ауытқымай, байланыс құрылғылары бабында жұмыс жасаған. СОБ техникалық құрылғыларының жұмыстан тыс қалуына орын алмаған, АЛСН құрылғыларының қауіпті ақауы тіркелмеген.

Тоғыз ай ішінде телімдерден өткізілген 154817 пойызды КТСМ құрылғысымен бақылаудан өткізген дистанциялықтар назарға ілінген құрамдардың арасынан 23 пойызды тоқтатып, тексеруден өткізіпті. Локомотивтің қызуынан, тежелуден және букстың қызу салдарынан тоқтатылған құрамнан 3 вагон ажыратылып, тоқтатылу себебі 100 пайызға дәлелденген.

– Жылжымалы құрамдарға сервистік қызмет көрсететін вагон қараушылар тарапынан бұдан басқа электр қуатының іркілісінен байланыс құрылғыларының жұмыстан тыс қалуы тіркелген жоқ. Жұмыстағы тәртіп қатайтылып, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында барлық бөлім басшылары мен жауапты тұлғаларға тәулігіне кемінде екі мәрте балометрдің жұмысын қадағалап, нәтижесін тиісті тұлғаларға хабарлап отыру тапсырылды. КТП мен КТСМ модулі арсындағы кабельдерді тексеруден өткізу, сонымен қатар кез келген тосын жайттың алдын алу үшін телімаралық КТСМ посттарындағы өртке қарсы дабылқаққыштарды үнемі тексеріп отыру жолға қойылған. Мұнымен қоса байланыс құрылғыларының қалыпты жұмысын жетілдіру үшін оларды ағымдық жөндеу, күнделікті күтіп-баптау жұмыстары қоса-қабат атқарылуда, – деді техникалық бөлім инженері Нұрлан Жүсіпбаев.

Дистанциялықтар жыл басынан бергі уақытта Жосалы мен Түркістан станциялары арасындағы дистанция телімдерінде аралық жарықдиодты модульдердің стативтеріндегі линзалы кешендерін жаңалаған. Сонымен қатар телімдердегі релелік шкафтардағы ТМ блогының КПТШ трансмиттерін алмастырған. Перегондардағы бағдаршамдардың жарықдиодты модульдерінің линзалы кешенін, бағыттамалы бұрмалардағы ППРЗ-5000 құрылысын жаңалау, электрожетекті ауыстыру, ДСНП2 қуат көзін ПОБС-3 және БВз қуат көзіне жаңалау жұмысы, ФУ-1 релесін 2ФУ2 релесімен алмастыру секілді күнделікті атқарылатын жұмыстарды да тыс қалдырмай, байланыстың бабын жасауда.