Жұмыс орның жылы ма, теміржолшы?

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Қыста үскірік аяз бен боранда да жел өтінде жүретін теміржолшылар үшін жылу – маңызды мәселе. Өткен аптада Атырауда күн күрт суытып, алғашқы қырбық қар түсіп үлгерді. Қысқа темір жол мекемелерінің дайындығы қалай, теміржолшылардың жұмыс орны жылы ма?

Осы мәселе жөнінде түсінік берген «Теміржолжылу-Атырау» мекемесі директорының орынбасары Самат Мұхитовтың айтуынша, Атырау темір жол бөлімшесіне қарасты барлық нысандарда 2019-2020 жылдарға арналған қысқа дайындық жұмыстары қарқынды жүріп, осы бағытта станция-разъездер, әкімшілік ғимараттарда, жөндеу цехтарында жылудың жайлы болуы жіті қадағаланған. Бүгінгі күні жылу қалыпты деңгейде беріліп отыр.

Бірнеше жылдан бері «ТеміржолжылуАтырау» мекемесі Атырау облысының темір жол нысандарын жылумен қамтуды жүзеге асырып отыр. Атырауда ірілі-ұсақты оннан астам жылу қазаны қала басындағы электр, байланыс, жол дистанциялары, вагон депосы, станциялар, әкімшілік ғимараттарды, Құлсары мен Сағызда 4 қазан болат жол бойындағы барлық нысандарды жылытып отыр, басқа аудандарда да солай. Ганюшкинодағы бұрын әкімшілік балансында болып келген темір жол нысандары «Теміржолжылуға» сенімді басқаруға берілді.

– «Теміржолжылу-Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылға жоспарланған жұмыстарын бекітілген кесте бойынша жүргізіп жатыр. Қысқа дайындық негізінде Атырау және Ақжайық станцияларында 149 метр жылу жүйелері күрделі жөндеуден өтті. Барлық 4 жылу қазандарында – қазандарды жөндеу, тазалау, сынақтан өткізу, су сорғыш құралдарын жөндеу, дайындау жұмыстары жүргізіліп, тұтынушыларға уақытында жылу энергиясы беріліп отыр. 2019 жылға арналған күрделі жұмсалым жоспары бойынша 12 431 мың теңге жұмсалып, қажетті негізгі құралдар сатып алынды, соның ішінде вагондарды сумен жабдықтайтын су сорғыш, станциямызға ток беретін жаңа дизель-генераторы орналастырылды. Өңірімізге көгілдір отын – табиғи газ желісі қосылғалы, жылудың жағдайы жақсарып сала бергені рас. Бұрынғы желілердің тозығын жаңартып, озығын орнатып, қалай болғанда да жылу беру маусымын уақытылы әрі үздіксіз беруді қамтамасыз етуге тырысудамыз. Украинадағы зауытпен келісімшартқа отырып, газ қазандарын, реттелуші тұтату-жағу құралдарын алып, қала-аудандарда орналасқан мекемелеріміздегі қазандарға орнаттық. Был-тыр қыста ешқандай құрылымнан шағым түскен емес. Алда-жалда қандай да бір ақау табыла қалса, апат бригадасы жедел жетіп, азғантай уақытта бәрін қалпына қояды. Кестеге сәйкес биылғы жылыту маусымын уақытылы қостық, – дейді Самат Мұхитов.

Яғни, бүгінде барлық теміржол мекемелері жылуға қосылған, жұмыс орындарының суықтығы жөнінде шағым айтқан мекеме жоқ деп сендірді жауапты мекеменің басшысы.