Ішкі көмір тасымалы артты

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ желілерімен биылғы жылдың 1 мамыры мен 30 қазаны аралығында Қазақстанның ішіне 33,8 млн тонна көмір тасымалданған, бұл өткен жылдың жылыту маусымындағы жоспар көрсеткішінен 3 пайызға артық. Бұл туралы өткен аптада ҚР Премьер-министрі кеңсесінің баспасөз орталығында өткен брифингте айтылды. 

Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған шараға ҚР ИИДМ өндірістік қауіпсіздік және индустриалды даму комитетінің төрағасы Қанат Байытов пен осы министрліктің көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов қатысты.

Бүгінде Қазақстанда халықты көмірмен қамтуды орындау жалпы жоспарға 76,1%ды құрайды. Шұғыл мәліметтер бойынша осы жылдың 28 қазаны бойынша елімізде 88,2 млн тонна көмір өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 98 пайызды құрайды.

Елдің ішкі нарығына осы аралықта 61 млн тонна көмір жеткізілген. Соның ішінде энергия өндіретін кәсіпорындарға 46 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,6 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 9,1 млн тонна көмір жеткізілген. Ақтөбе, Жамбыл, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін жылдық көмір жеткізу кестесін толығымен қамтамасыз етті.

Бүгінгі күні 4 көмір өндіруші компанияның нарықтық үлесі коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халық үшін көмір жеткізудің жалпы көлемінің 89%-ын құрайды ("Шұбаркөл Көмір" АҚ (28%), "Қаражыра" АҚ (25%), "Майкубен-Вест" ЖШС (25%), "Богатырь Көмір" ЖШС (11%). «Шұбаркөл Көмір» АҚ ақпараты бойынша көмір тиеу екі ауысымдық тәртіпте жоспарға сай жүзеге асырылуда. Осы жылдың 28 қазаны бойынша Ақтөбе облысы бағытында 10 вагон немесе 700 тоннаға жуық көмір тиелген.

Көмір бағасы кен орындарынан оны тиеу құнына, тасымалдау үшін теміржол тарифіне, жылжымалы құрамға қызмет көрсетуге, көмірдің биржалық бағасына, сонымен қатар халыққа көмір жеткізетін делдал ұйымдар мен жеке тұлғалардың маржаларына байланысты болады.

Деректер бойынша бүгінгі күні өндірудің өзіндік құнына және өткізу пункттеріне дейінгі жеткізу қашықтығына байланысты әртүрлі кен орындарының түрлі маркаларына көмірдің құны өңірлерде орташа алғанда 7-ден 19 мың теңге аралығында ауытқиды.

2019-2020 жылдардағы жылыту маусымында халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірдің қажетті санымен және сапасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс министрліктің және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.