Еріктілер қатары артқан

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Үкімет делегациясының Ақтөбе жастарымен кездесуінде теміржолшылар төрден көрінді. Оған себеп те жоқ емес. Өңірде қызметтерімен қатар қайырымдылық шараларында белсенді атсалысатын теміржолшылар көбейген.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жұмыс тобы Ақтөбеде белсенді жастармен кездесу өткізді. Қоғам белсенділерін Жастар жылынан кейін ілесіп келетін Еріктілер жылында да ұйымшыл болуға шақырды. Жиында сөз алған жас теміржолшы Руслан Жұмағалиев қайырымдылық істе жұдырықтай жұмылып жүрген ерікті теміржолшылардың қатары жыл санап артып келе жатқанын айтты. «Ізгі іске бастама болып жүрген теміржолшылар аз емес. Бөлімшеде әртүрлі акциялар ұйымдастыруға арнайы жоспарлар құрылады. Аз қамтылған отбасылар мен көмекке мұқтаж қарттарымыз әрқашан назарда. Жастар саясатына үлес қосып жүрген белсенді ерікті жастарымыздың саны жыл санап артып келеді. Олар қайырымдылық жұмыстарында өз қалталарынан қаржы шығарып, тамшыдан көл жасап отыр. Жиналған қаржының бәрі игі істер үшін жұмсалуда. Мұқтаж жандарға, жағдайы төмен отбасыларға, балалар үйіне жұмсалады. Мерекелік ісшаралардың ұйымдастыруынан бастап, әлеуметтік жобалардың жүйелі жүзеге асуына жастар өзіндік үлес қосады», – деді Ақтөбе ЖТ техникалық бөлім басшысының орынбасары Руслан Жұмағалиев.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар еріктілердің қоғамда алар орны мен еріктілер қызметінің қыр-сыры туралы ойларымен, тәжірибелерімен бөлісті. Жастар ұйымдарының жетекшілері ойларын ортаға салды.