Үш студентке шәкіртақы тағайындалды

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Тараз қаласында «Кәсіптік білім. Бизнес. Жастар» атты ІІІ Жамбыл облыстық еңбек форумы өтті. Аталған алқалы жиынға «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов қатысып, білім қуған үш жасқа шәкіртақы тағайындап қуантты.

Басқосуға Тараз теміржол колледжінің ұстаздары мен студенттері де белсене атсалысты. Болашақ теміржолшылар көрмеде өздерінің қолдан жасаған заманауи теміржол жобасын ұсынды. Айта кетейік, 2016 жылдан бастап Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің басшылығы арнаулы орта білім ошағының 5 студентіне Әулиеатадан шыққан атақты теміржолшы Байзақ Пірманов атындағы шәкіртақы тағайындаған болатын. Жыл сайын колледж қабырғасынан ұшқан 5 түлекке осы қаражат салтанатты жағдайда тапсырылып отыратын дәстүр қалыптасып үлгерген. Бүгінгі өтіп жатқан «Кәсіптік білім. Бизнес. Жастар» атты ІІІ Жамбыл облыстық еңбек форумында колледждің сенімді серіктестері – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов білімгерлерді ынталандыру мақсатында тағы да 3 білім алушыға жалпы көлемі 150 000 теңгені құрайтын стипендия табыс етті. «Жамбыл өңіріндегі теміржол мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орнының 80 жылдан астам тарихы бар. Ал өңірдегі теміржол бөлімшесінде колледж түлектерінің 60 пайызы еңбек етуде. Болашақ теміржолшыларды дайындауда әлеуметтік серіктестіктердің рөлі зор деп ойлаймын. Бірлесіп атқарған жұмыс қана оң нәтижесін береді. Колледж ұжымы Жамбыл жол бөлімшесімен әріптестігін мақтан тұтады және ұжым басшысы Берік Ақшаловқа шексіз алғыстарын білдіреді. Теміржол көлігі ел экономикасының күретамыры іспетті болғандықтан, сол салаға болашақ қызметкерлер дайындау сынды жауапты миссияны атқарып отырған біз үшін бұл өте қуанышты жайт», – деп пікір білдірді форумға қатысқан Тараз теміржол колледжінің қызметкері Жанар Керменбаева. Берік Ақшалов оқу орнынан болашақта жоғары деңгейдегі білікті, білімді, бәсекеге қабілетті, заман талабына сай мамандар шығатынына сенім білдіріп, білім алушыларға шәкіртақы тағайындау үрдісі алдағы жылдарда да жалғасын табатындығын айтты.