Тазалық шарасы жалғасуда

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкрекбаевтың төрағалығымен қаладағы құзырлы орындар басшыларының басқосуымен жұмыс кеңесі болып өтті.

Жұмыс кеңесінің басты тақырыбы қала ішіндегі теміржол желісіне іргелес аумақтың санитарлық жағдайы болды. Теміржол мен қала әкімшілігінен бөлек қалалық полиция басқармасы, қалалық әкімдіктің шаруашылық бөлімдері мен мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары қатысқан жиында аталып отырған аумақтағы санитарлық ахуалды бақылау бойынша атқарылатын жұмыстарды тұрақты өткізіп қадағалап тұруға уағдаласты. Бұл тұрғыда теміржолшылардың бастамасы баршаға үлгі болмақ. Жиын барысында сөз алған Марлен Кәрімұлы қала ішімен өтетін және шаһар қақпасы болып табылатын темір жолға іргелес аумақтарды ретке келтіру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Бөлімше басшысының айтуынша, үш жыл бойғы мақсатты күш-жігер айтарлықтай нәтиже берген. Учаскелік полиция қызметкерлері желі бойындағы жер үйлерді аралап, тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша сервистік ұйымдармен келісім-шарт жасауға шақырған. Сондай-ақ, темір жолға жақын орналасқан өз аумақтарын құрылыс материалдары қалдықтарынан тұратын күлтөкпелерге және стихиялық қоқыс тастайтын орындарға айналдырған гараж кооперативтерінің, шаруашылық кәсіпорындарының басшыларымен әңгіме жүргізілген.

Міне, соның нәтижесінде қалаға келетін жолаушылар пойыздарының терезесінен қарағандағы көрініс әлдеқайда өзгерді. Дегенмен Марлен Кәрімұлының айтуынша, бұл мәселеге нүкте қоюға әлі ерте.