Салдыр-салақтық салдары

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі қозғалыс қауіпсіздігі қызметінің басшысы Бақытжан Айтқұловтың айтуынша, теміржолда болатын жазатайым оқиғалар теміржолшылардың салғырттығынан немесе техникалық-қауіпсіздік шараларының сақталмауынан емес, тоқсан пайызы адамдардың өз өмірлеріне салдыр-салақ, немқұрайлы қарауынан.

«Мәселен, жыл басынан бері біз адам өміріне қатысты бес төтенше оқиғаны тіркедік. Оның төртеуі адам өлімімен аяқталып, тек біреуінде тірі қалды. Алғашқысы Луговой станциясында болды. Екіншісінде Ақшолақ-Ақыртөбе аралығында бір азамат суицид жасады. Үшіншісі, Мыңарал станциясындағы төтенше оқиға жасөспірімнің қатысуымен болған. Бурыл-Шайқорық станциялары аралығындағы теміржол бойында бір маскүнемнің пойыздың астына түсіп кеткені төртінші жағдай болып тіркелді. Соңғысы Бірлік пен Жиделі аралығындағы теміржол бойында орын алды», – дейді Бақытжан Айтқұлов.

Теміржолдың ауыл-ауылдарды жағалай өтетіні рас. Ал елдімекендер малсыз-жансыз тағы болмайды. Жайылымда жүрген төрт түліктің де төтенше оқиғаларға себеп болатыны аз кездеспейді. Айталық, биылдың өзінде 21 малды пойыз басып кетіпті. Жамбыл бөлімшесі бас ревизорының сөзінше, мұндай ахуалдар көбіне Сарышаған, Шу, Жамбыл жол дистанцияларына қарасты телім бойында орын алады екен.