Жаңа ынтымақтастық көкжиегі

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы «KTZ Express» АҚ MAERSK кеме компаниясымен ынтымақтастығын дамытуды көздеп отыр.

Бұл туралы олар өткен аптада Алматыда өткен кездесу барысында талқылады. Дат компаниясы басшыларымен басқосу кезінде «KTZ Express» АҚ жетекшілері бірлескен логистикалық ынтымақтастық мәселесін алға тартты. Келіссөздер барысында, әсіресе, Сиань-Мәскеу бағдары бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік бағдарды дамыту әлеуеті, сонымен қатар MAERSK контейнерлерін импорттық және экспорттық бағытта қолдану мүмкіндігі және Санкт-Петербург-Орталық Азия бағытындағы «Суық пойызды» іске қосу маңыздылығы сөз болды. Бұл соңғы бағыт бойынша кері қайтар жолда MAERSK пен «KTZ Express» компанияларының рефрижераторлық контейнерлері қолданылмақ.

– Біз Қазақстан арқылы тасымал көлемін ұлғайтуға дайынбыз және ынтымақтастықты дамытуға ашықпыз, – деп атап өтті «KTZ Express» АҚ басшысы Д.Абдуллаев.

Кездесу қорытындысында тараптар дат компаниясының жүк ағынын теңіз көлігінен құрғақ бағдарға шыға отырып қайта бағдарлауға қызығушылық танытты. Бұл ретте олар өзара тиімді ынтымақтастық тараптарға логистикалық және экспедиторлық қызметтерді өзара тиімді қолдану есебімен жеке сервистерінің ауқымын кеңейтуге көмек болатыны атап айтылды.