Тосын тексерудің тиімділігі мол

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесіндегі өндірістік жұмысы қауырт және тәулік бойы толастамайтын Белкөл бекеті – кешегі қарқыны болмаса да қалыпты сүрлеуінен жаңылмай жұмысын жалғастырып келе жатқан станция.

Кешегі дейтініміз, бұрынырақта аймақтан өндірілетін газ-мұнай мен онан өндірілетін өнімнің түгелге жуығы осы бекеттен тиеліп, тиісті бағыттарға жөнелтіліп жататын. Станцияның жұмыс көрігін қайнатып жататын дәуір мұнай-газды құбырлармен тасымалдануға көшіруге байланысты баяулады, алайда бекет тынысы тарыла қойған жоқ, есесіне екінші тынысы ашылып, өндірістік жұмыс қазаны қайнай түсуде. Белкөл облыс орталығына жақын орналасқан бекеттердің бірінен саналатындықтан кейде қаладан жөнелтілуі тиіс жүктердің кейбірін осы бекеттен жіберуге мүмкіндік бар. Мұндағы жолаушылар пойызын қабылдап-жөнелтуге негізделген екі жолдан өзге станциялық және бірнеше кірме жол өндірістік жұмыстардың толық көлемде атқарылуына қолайлы.

Өткен жылы «Үздік станция бастығы» атанған Мақсат Жүсіпов басқаратын белкөлдіктер жыл басынан бергі тоғыз айда 1522 вагонға 69165 тонна жүк тиеп, қыркүйек айында 148 вагонға жүк тиеу межесін 188 вагонға асырып, 7435 тонна жүк тиеп, 769 вагоннан 43064 тонна жүк түсіріп, станциялық жұмыстарды еселеп орындауда екен. Өзге көрсеткіштердің орындалуы да осы тектес.

Ал қыркүйек айына бекітілген 44,81 сағаттық статистикалық жүктемені 47,6 пайызға жеткізіп, жоспарды 106 пайызға орындаса, тоғыз ай көлеміндегі бұл көрсеткіш 42,77 сағатқа бекітіліп, орындалуы 45,8 пайызға жетіп, меже 107 пайызға атқарылыпты.

Белкөлдік теміржолшылар тарапынан жыл басынан бергі тоғыз айда пойыздық және маневрлік жұмыстар кезінде ешқандай қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жол бермеген. Станциялық және кірме жолдарда вагонның жолдан ауытқуы орын алмаған, вагон паркіндегі вагондардың бүтіндігі толық сақталып, ұдайы өткізілетін рейдтік тексерулерде анықталған кемшіліктерге қатысты құжаттар жасалған.

Өткен тоғыз айдың әр айында кемі 3 реттен қауіпсіздік күні өкізіліп, ДСП, ДСПП, жүк қабылдап-тапсырушыларға және пойыз құрастырушыларға қатысты 11 ескерту жасалынып, акт түзіліпті. Сонымен қатар, аталған мерзімде қауіпсіздікті сақтауды арттыру үшін бекет басшылығы тарапынан күндізгі және түнгі тексерулер әр айда кемі екі реттен ұйымдастырылған. Нәтижесінде анықталған кемшіліктер хатталып, кінәлілерге шара қолданылған.

– Тексерулер тосыннан, кейде жария түрде жасалынып, ұшырасқан кемшіліктер сарапқа салынып, оның қайталанбауына әрекет жасаймыз, кінәлілерге шара қолданылып, түсіндіру жұмыстары атқарылады. Мұның бәрі станция жұмысының ілгерілеуіне септігін тигізумен қатар теміржолшылардың жеке бас қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Әсіресе, тосын тексерулердің тиімділігі мен пайдасы мол болады. Сонымен қатар, кеңсе қызметкерлері, тауар кассирлері, т.т жұмысын да тексеріп, қағазбастылықтан барынша арылып, электрондық форматқа көшуді жеделдетуді бақылап отырамыз, – дейді Белкөл станциясының бастығы Мақсат Жүсіпов.