Жылжымалы құрам жеткілікті

Павлодар ЖТ бөлімшесінде үздіксіз астық тасымалын ұйымдастыру мәселесі талқыланған жиында бөлімшенің станциялық жолдарында вагондар астық тиелуін күтіп тұрып қалғаны белгілі болды.

Жиынға мемлекет басқару органдарының жетекшілері, астық өндірушілер және аймақ трейдерлері қатысты. Астық және тартылған өнімдер Павлодар, Рождественка, Жолқұдық, Қалқаман, Шарбақты, Торғай станцияларынан тиелуде. Кеңес барысында жүк жөнелтушілер, экспедиторлар мен вагондар операторлары өз іс-әрекеттерін кірме жолдар мен элеваторлардың иелерімен келіспейтіні сөз болды, бұл станция жолдарында бос вагондардың жаппай жиналып қалуына әкелуде. Тәулігіне орташа алғанда станциялық жолдарда 110-нан 140-қа дейін бос вагон қаңтарылып тұрады екен. Бұл станциялардың өткізу және қайта өңдеу қабілетін қиындатуда.

«Үстіміздегі жылдың 23 қазанындағы жағдай бойынша бір ғана Шарбақты станциясында жүк тиеуді күтіп 74 вагон станциялық жолдарда тұрып қалды. Шарбақты станциясында 5 қабылдау-жөнелту жолы бар, оның ішінде 3 жол бос вагондармен қамтылған. Қалған екі жол жүк және жолаушылар пойыздарын қабылдауға және жөнелтуге арналған. Осы жағдайға байланысты станция бойынша маневрлік жұмыс жүргізу қиынға соғып отыр», – дейді Павлодар жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Дәулетбек Нығметов.

Вагондар бос күйінде Павлодар бөлімшесінің көрші станцияларына жіберілуде, ал бұл локомотив паркін тиімсіз пайдалануға мәжбүрлеп отыр. Жалпы, бөлімше басшысы дәнді дақылдарды тиеп жөнелту үшін жылжымалы құрамның жеткілікті екенін мәлімдеді.