Кадрларды қайта даярлауды көздейді

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Технология қарқынды дамып, өндіріске дендеп еніп жатқан заманда сандық жүйенің өрісі кеңейген сайын адамның жұмысқа тартылуы да азая түседі. Яғни, бұрын бес-алты адамның атқарған жұмысын қазір сандық технологияның арқасында екі адам орындамақ.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында да жұмысты едәуір жеңілдетіп әрі шапшаңдататын әртүрлі технологиялар өндіріске белсенді енгізілуде. Сондықтан, медальдің екі жағы бар демекші, сандық жүйелердің енгізілуі тасымалдау үдерісін жеделдетуге тиімді болғанымен, екінші жағынан адамдар санының қысқаруына, тіпті кейбір мамандықтардың жойылуына әсер етуі ғажап емес. Десе де, кадрларының қамын ойлап, олардың жұмыссыз қалмауын басты назарға алған Ұлттық компания мен оның еншілес ұйымдары бұл мәселенің алдын алып, тығырықтан шығудың оңтайлы жолдарын қарастырып отыр екен. Мысалы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшылығының жұмыстан босап жатқан кадрларды қайта дайындау мақсатында Теміржол көлігі персоналын дамыту және бағалау орталығына ұсыныспен шыққан. – Үстіміздегі айдың 29 мен 1 қараша аралығында «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Темір жол көлігі персоналын дамыту және бағалау орталығында пилоттық жоба шеңберінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерін қайта дайындау бойынша оқыту ұйымдастырылып отыр. Бұл оқыту бағдарламасы кәсіби тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің жеке-іскерлік құзыреттерін дамытуға бағытталған. Бүгін түстен кейін басталатын оқуға «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның 4 қызметкері қатысып, қайта дайындау курсынан өтетін болса, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан 20 қызметкер қатысып, олар өздерінің лауазымдық қызметтері бойынша білім-біліктіліктерін көтеретін болады, – деп ақпарат берді Темір жол көлігі персоналын дамыту және бағалау орталығының оқу-әдістемелік жұмыс бойынша функционалдық бағыттағы бас менеджердің міндетін атқарушы Асқар Шерниязов. Атап өтерлігі, бұл пилоттық жоба аясындағы оқу курсын Ұлттық компания қызметкерлері арасынан дайындалған ішкі жаттықтырушылар өткізетін болады. Айталық, бірінші күні оқуға қатысушы 24 теміржолшы ішкі жаттықтырушы Г.Катаеваның жүргізуімен Компанияның іскерлік этикасы кодексі талаптарымен танысатын болса, екінші күні Н.Бекеновтың жетекшілігімен дау-дамайларды басқару және А.Сәулебаеваның өткізуімен тиімді коммуникациялар тақырыптарын меңгеретін болады. Ал үшінші күні дәріс алушылар ішкі жаттықтырушы З.Мырзамұратованың көмегімен «клиенттерге қызмет көрсету және клиентке бағдарлану тақырыптарының қыр-сырына үңіледі. Ал соңғы күні, яғни жұмада Е.Станкованың өткізуінде күйзеліске қарсы тұру, яғни әртүрлі жағдайларда адамдардың өзін ұстау тәсілдеріне қанық болады. Оқуды аяқтаған соң қатысушыларға бес тақырып бойынша сертификаттар беріледі. Жалпы, бұл тақырыптардың қайқайсысы да жұмыс барысында қажет болатынын айтады орталық мамандары. Ішкі жаттықтырушылардың да көп оқып, дәріс беру үшін дайындық курстарынан өткені белгілі. Енді сырттан қомақты қаржыға тренинг, сабақ өткізетін мамандарды шақырудың аса қажеті жоқ. Саланың тәжірибелі әрі уақыт талабына сай білімдерін жетілдіріп, белгілі бір тақырыпқа маманданған ішкі жаттықтырушылары әріптестерімен алған ілім-білімдерімен де, біліктіліктерімен де бөлісуге әрдайым дайын.