Бейнеу станциясы: қосымша мүмкіндік ашты

Орталық Азия елдерінің қарым-қатынас дәлізі рөлін атқарып тұрған Бейнеу станциясы төрт бағытта жол торабымен тоғысады. Олар – Бейнеу-Мақат, Бейнеу-Маңғыстау, Бейнеу-Қарақалпақ, Бейнеу-Тассай бағыттары.

Бүгінде бұл бағыттардың бәрі пойыздар қозғалысына толыққанды жұмыс істеп тұр. Станция жұмысы жылдан-жылға ауқымы артып, жолаушы мен жүк тасымалының Бейнеуден кедергісіз өтуіне қызмет көрсетуде, қызу жұмыс күндіз-түні бір толастаған емес. Мәселен, өткен жылы 9 айда Орталық Азиядан 218 пойыз, 13956 вагон қабылданса, биыл ол сан едәуір ұлғайып, 252 пойыз, 16937 вагонды құраған. Кері бағытта өткен жылдың үш тоқсанында 15869 вагон тапсырылса, осы жылы ол 20908-ге жеткен. Тассайдан 41002 вагон қабылданып, 36649 вагон тапсырылса, бұл кезеңде Мақаттан келіп-кеткен вагондар саны сәйкесінше 88747 және 92438 болған. Маңғыстаудан 2049 пойыз қабылданып, 1723 пойыз жөнелтілген. Ал енді жүктерге келсек, үш тоқсан ішінде станциядан өткен құрылыс жүгі былтырғыдан біразға кеміген. Өткен жылы 9 айда 180615 тонна болса, үстіміздегі жылы одан 55921 тоннаға аз. Сол сияқты мұнай өнімдері – 4201, металлолом 1431 тоннаға азайған. Керісінше, машина – 1069, әртүрлі жинақталған жүк 57 тоннаға артқан. Станциядағы тағы бір жүк тиеу орны №1 бекет арқылы тоғыз айда 54 вагон немесе 3545 тонна ұн, 8 вагон немесе 400 тонна жем жөнелтіліпті.

− Бейнеу ауданындағы мемлекеттік маңызы бар автожолдың аяқталып қалуына байланысты және биыл ірі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен Бейнеу станциясының көрсеткіштері былтырғы жылмен салыстырғанда, өкінішке орай, аз болып отыр. Сондай-ақ клиенттердің көпшілігі «есіктен-есікке дейін» қағидасына сүйеніп, автокөлік тасымалын пайдалануы да әсер етуде. Дегенмен біз алдағы уақытта жүк тасымалын арттыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, 2014 жылы іске қосылған Бейнеу-Тассай жол желісі арқылы бүгінде тасымал қарқынды жүріп жатыр. Жаңа тораптың ашылуы айтарлықтай жақсы жетістіктерді көрсетуде. Үш торапты жолмен жұмыс жасаған кездері Атырау және Ақтөбе бағыттарына бағытталған пойыздардың барлығы Бейнеу-Мақат арқылы жөнелтілетін. Қазір Ақтөбе және Алматы, Жезқазған бағыттарына жіберілетін жүктер Бейнеу-Тассай торабымен жөнелтіліп, Бейнеу станциясынан көп пойыз қабылдап-жөнелтуге қосымша мүмкіндік ашылды.

– Станцияда бүгінде барлығы 13 жол бар, оның үшеуі жолаушылар пойыздарына, қалғандары жүк пойыздарына арналған. Жаңадан салынған «Б» паркінде жалпы 7 жол бар, – дейді Бейнеу станциясының бастығы Есет Хайруллин.